#qyzylordatv

Егін жинауға әзірлік барысы қалай? Техника мен жағармайдан проблема жоқ па? Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы жүргізуге қалай жүріп жатыр? Осы және өңірдің өзге де мәселелері облыс әкімдігінде өткен жиынға өзек болды.

 Күрішшілер мен диқан қауым биылғы көктем мен жазда судан тапшылық көргенін айтудың өзі қиын. Тіпті егілген егін рәсуа бола ма деген күдік те болды. Үкіметтегілер арнайы келіп, мұндағы ахуалды көзбен көріп, жоғарыға баяндады. Тіпті төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлерін жұмылдырып, 25 насос қондырғысы егістіктерге екі ай бойы су айдады. Егіншілер еңбегі еш кетпесін деп, төтеншеліктер үй-отбасын ысырып қоюына тура келді. Осылайша асыраушы сала вегетациялық кезеңнен аман өтті.

 Ендігі кезекте осындай қиындықпен егілген егінді ысырапсыз, мерзімінде жинап алу міндеті тұр. Күні ертең күрішке алғашқы орақ түседі.

 Ауыл шаруашылығы саласындағы санақ жұмыстарының нақтылығы мен сапалы жүргізілуі біз үшін өте маңызды. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінде облыста 1 млн 592 мың төрт түлік мал бар екен.

Қала, аудан әкімдері санақ жүргізушілерге жан-жақты қолдау көрсетіп, статистика департаменті, ветеринария, ауыл шаруашылығы басқармаларымен бірлесіп, тиісті жұмыс жүргізіңіздер, – деді облыс әкімі. Жиналыста тұрғын үйлерді уақытылы пайдалануға беру, шағын өнеркәсіптік аймақтағы кәсіпорындардың іске қосылуын қағаз жүзінде емес іс жүзінде қамтамасыз ету бойынша да мәселе тағы көтерілді. Одан бөлек, ауылдардан аудан орталығына қатынап оқитын балалардың қауіпсіздігіне қатысты қатаң тапсырма берілді. Бүгінде Қызылорда облысы мектептен кенде емес, сондықтан қашықтағы оқуға құштар болмай, үй жанындағы мектепті таңдаған дұрыс. Айтпақшы, кейбір жеке балабақшалар әлі күнге дейін техникалық һәм қауіпсіздік мәселесін ысырып қойып, 10 адамдық «газельге» 20-дан астам бала тиеп жүретіні де жасырын емес. Көкейін пайда тескендер бүлдіршіндердің өмірін қыл үстіне қоюын тоқтатпай келеді. Сондықтан бұл бағыттағы тексеру жұмыстары күшейеді! Заң баршаға ортақ, Президент айтқан заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс, – деді облыс басшысы.