#qyzylordatv
Білім берудің жаңа көкжиегі. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде қос дипломды білім беру бағдарламасы бойынша қабылданған студенттер оқуға кірісті. 140 үздік талапкер жасанды интеллект пен киберқауіпсіздік саласының маманы атанбақ.
Әлемдік экономикада жасанды интеллект саласына бейімделген мамандарға сұраныс артып келеді. Осы ретте еліміздегі тұңғыш жасанды интеллект институты Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығы аясында Қорқыт ата университетінің базасында ашылған. Болашақ бағдарламашылар, киберқауіпсіздік, информатика және ақпараттық жүйелер мамандары Сеул ұлттық ғылым және технология университеті әзірлеген бағдарламалар бойынша оқытылады. Қазіргі таңда аталған білім ордасында СеулТех университетінің профессорлары дәріс беріп жатыр. Студенттер жоғары технологияны меңгерумен қатар ағылшын және корей тілдерін үйренеді.
НҰРЛАН ҚҰЛМЫРЗАЕВ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ // Бүгінгі таңда Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. 2+2 деген системамен биылдан бастап студенттерді қабылдап бастадық: 2 жыл Қазақстанда оқиды, 2 жыл Кореяда оқиды Сеулда және де екі елдің дипломын алып шығады. Биылғы алған балдарымыз біздің тек қана Қызылордаға ғана емес, Қазақстанның түкпір- түкпірінен жиналды. Ол балалардың біріншіден ҰБТ дәрежелері жоғары деңгейде, екінші олардың IELTS деңгейі 5 дәрежеден жоғары балдар. Біз оларға кәрісше тілін үйретеміз, бірақ Кореяға баратын кезде оларға IELTS 6 керек болады, GPA – 3.5 тен жоғары керек болады және кәріс тілінде деңгейі TOPIC- 3 тен жоғары керек болады.
Бұл бағдарлама – екі ел арасындағы білім саласындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесі. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектер екі жоғары оқу орнының дипломын қатар алып, халықаралық деңгейде мойындалған білікті маман атануға мүмкіндік алады. IT-технология саласындағы біріккен жоба көптеген жастарды қызықтырғаны анық. Соның арасынан оза шауып, студент атанғандары білім нәрімен сусындауға кірісті.
САБИНА ҚҰДАЙБЕРГЕН – СТУДЕНТ // Жамбыл облысы, Тараз қаласынан келіп тұрмын. Мен частная школада оқығанмын. Осы университетті маған кәсіби бағдар берушім ұсынды , осындай мүмкіндіктер бар екенін айтты. Ақпараттық қауіпсіздікпен жұмыс істегім келеді. Қабылдау комиссиясында күшті қарсы алды. Бізге ұнады қала, өте таза, өте көрікті.
АНЕЛЬ БАҚТИЯР – СТУДЕНТ // Мен Алматы облысы, Қаскелең қаласында дүниеге келдім. Университетке «AI-архитектор» мамандығы бойынша түстім, себебі бала кезімнен архитектор болуды армандадым.
Жаңа оқу жылына орай ұйымдастырылған мерекелік шараға университеттің стратегиялық әріптесі – Кореядан Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің делегациясы келді.
ДЖИХОНГ ХВАН – SEOULTECH УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ЖӨНІНДЕГІ ПРОРЕКТОРЫ // Бүгін осында, осынау тарихи сәтте болу – мен үшін үлкен мәртебе. Қос диплом бағдарламасымен білім алу жолындағы бұл тамаша сапарға сіздерге зор табыс тілеймін. Бұл ұмытылмас академиялық тәжірибе боларына және екі ел ынтымақтастығын нығайтудағы тағы бір қадам боларына сенемін. Барша студенттерді шын жүректен құттықтаймын!
БЕЙБІТКҮЛ КАРИМОВА – ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ –РЕКТОР // Біздің алты студентіміз академиялық алмасу бағдарламасы бойынша SeoulTech университетіне барады. Тағы төртеуі Бельгия университеттерінде оқуын жалғастырады. Бұл – жастарымыз үшін халықаралық аренада өз орнын нығайтып, бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасудың нақты мүмкіндігі. Жасанды интеллект институтында тек қос диплом бағдарламасы ғана емес, ғылыми зерттеулер мен стартап жобаларды дамытуға да кең перспектива ашылып отыр. Мұндай ынтымақтастық тек студенттеріміздің дамуына ғана емес, бүкіл өңірдің өркендеуіне септігін тигізетініне сенеміз.
Шара аясында қос дипломдық бағдарлама бойынша 1 курсқа қабылданған студенттерге арнайы сертификат табысталды.