#qyzylordatv

Сыр өңірінде егін жинау науқаны басталды. Дәстүрлі «Дала күні-2025» шарасы биыл Жалағаш ауданының Мақпалкөл ауылында өтті. Еліміздің Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Ер әлі» шаруа қожалығының егіс алқабына барып, күрішке алғашқы орақ салу рәсіміне қатысты.

 ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Егіс алқабында жайқалып өсіп тұрған күріштің әрбір дәніне шаруалардың маңдай тері тамған десек артық болмас. Себебі, ырзық несібесін жерден жинаған диқандар берекелі іске ерте көктемнен кірісіп, күзге дейін дамыл тапқан жоқ. Әсіресе, биыл вегетациялық кезең облыста күрделі болды. Каналдарды тазалап, қашыртқыдағы суды қайта пайдаланудың нәтижесінде дақыл мерзімінде пісті, ораққа түсті\

«Ер әлі» шаруа қожалығы биыл 1700 гектар жерге Сыр салысын еккен. Күріштің шығымы жаман емес. Шаруашылық төрағасы гектарынан 80 центнерден өнім аламыз деп жоспарлап отыр. Бұл әрине жаз бойғы еңбектің жемісі.

 ӘЛІБИ БЕКЖАНОВ, «ЕР ӘЛІ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ \вегетациялық кезең өте қиын болды. Оң жақ, сол жақ тармақ үлкен қашыртқы бар. Соған 25 шақырым үлкен электр энергиясын тартып, 10 насоспен қашыртқы суын қайта пайдаландық. Бізде бір шаршы метр жер судан қалған жоқ. Жоғары өнім алуға қатты үміттеніп отырмыз. Әрине ең бірінші жердің тегістігі, біз оған осыдан 15 жыл бұрын көштік жерді тегістеуге. Жерді лазер емес спутникпен тегістеп болдық\

 Соңғы жылдары ресейдің лидер сорты пирикуляриоз ауруына шалдығып, шаруаларды шығынға батыруда. Сондықтан Әліби Бекжанов шетелден күріштің жаңа сұрпын әкеліп, өндіріске енгізіпті. Әрі егісті әртараптандыруға басымдық берілген.

 Егісті әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын пайдалану - уақыт талабы. Себебі, елімізде су тапшылығы жыл өткен сайын айқын сезілуде. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов бұл Орталық Азия елдеріне ортақ мәселе дейді. Сондықтан егісті жаңбырлатып және тамшылатып суару әдісін ұтымды пайдалануға басымдық берілуі тиіс. Ал, су үнемдеу технологияларын қолданған шаруашылықтар ағын су үшін мемлекеттен 85 пайызға дейін субсидия ала алады.

 НҰРЖАН НҰРЖІГІТОВ, ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ \Егісті жоспарлы түрде сақтасақ, суды ұтымды, нәтижелі пайдалансақ барлық жағдайдан шығуға болады..... \

 Биыл облыс бойынша 186 мың гектардан астам жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, оның ішінде негізгі дақыл күріш көлемі 80 900 гектарды құрайды. Вегетациялық кезең аймақ диқандары үшін күрделі болды. Дегенмен дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде егіс алқаптары сумен қамтамасыз етілді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ \Үкімет басшысының тапсырмасымен Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің барлық өңірінен 139 қызметкерден құралған жеке құрам мен 25 насос қондырғысын жеткізіп, екі ай бойы шаруалар игілігі үшін қызмет жасады. Бірлескен жұмыстардың арқасында бүгін міне осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. ....\

Дәстүрлі «Дала күні» шарасында ауыл шаруашылығы мен су саласының қызметкерлері марапатталды. Сонымен қатар жәрмеңке ұйымдастырылып, жалағаштық шаруалар биылғы өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.