#qyzylordatv

Депутаттар жазғы демалыстан кейін жұмысқа қайта оралды. Парламенттің төртінші сессиясы ресми түрде басталды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Палаталардың бірлескен отырысында сегізінші сайланған Парламенттің жаңа сессиясын ашты. Ал қос палатаның депутаттары болса осы маусымда көтеретін мәселе де, атқаратын жұмыс та көп деп отыр.

Бұл жолғы алғашқы отырыс әдеттегіден өзгеше өтті. Жиын мемлекеттік әнұранмен басталып, небәрі бес минуттың ішінде аяқталды. Президент шетелдік сапарда болғандықтан, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңа сессияның жұмысын өзі бастап берді. Ал 8 қыркүйекке қос палатаның бірлескен отырысы қайта жоспарланып отыр. Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауын жариялайды.

Жазда Парламент қабырғасында отырыстар азайғанымен, депутаттардың жұмысы үзілмеді. Олар өңір-өңірді аралап, халықпен кездесіп, жергілікті мәселелерді тыңдап қайтты. Енді сол жинақталған түйткілдерді жаңа сессияда көтеруді көздеп отыр.

  АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ ТОП 5 сұрақ дейтін болсақ ішінде МӘМС міндетті түрде бар. Мектеп саласында жалпы сапа мәселесі бар. Орын жетіспеушілік мәселесі бар. Қосымша қызметтерді алатын болсақ олар өз жалақысы бойынша көп сұрақтарды қояды. 600 мыңнан астам азаматтар олар өздерінің мәселелер көтеріп жатыр. жалақы бойынша. Оған қоса бізде мүгедектігі бар азаматтардың алып отырған жәрдемақысы өте төмен.

 Депутаттардың назарына іліккендердің ішінде әлеуметтік желі арқылы әркімді әурелегендер де бар. Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғандарға жазаны күшейту ұсынылмақ.

 ГЕННАДИЙ ШИПОВСКИХ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ Белгілі бір тұлға жақын арада онлайн казиноны жарнамалаймын деп 5 рет әкімшілік айыппұл төлеген екен. Алайда сол 5 рет айыппұл төлеп ары қарай ұтыс ойындарып, жарнамаларын жалғастырып жатыр. Бұл не деген сөз. Кей блогерлерге, танымал кісілірге әкімшілік айыппұл өтпейді екен. Біздің енді ұсынысымыз бойынша алдағы уақытта әкімшілік жазадан қылмыстық жаза тағайындау.

 Ал, жаз маусымындағы ең үлкен мәселе егіс науқаны, күзгі жиын терім. Әсіресе, өнімді қайта өңдеу ісіне қолдауды күшейту қажет. Бұл – тек диқандар емес, ел экономикасы үшін де маңызды қадам.

ӘЛИ БЕКТАЕВ ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ

 Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мәселесі өте өзекті мәселе болып отыр. Себебі қазір әлемдегі нарық дайын өнімдерді көбірек талап етеді. Өкінішке қарай бізде шығарылып жатқан дайын өнімдер жете бермейді экспортқа. Мемлекет тарапынан тиісті жеңілдетілген несиелерді көптеп беруіміз керек. Екіншіден сол қайта өңдеу кәсіпорындарын салған кәсіпкерлерге көмектесу керек. Солардың жұмысын субсидиялау керек.

Қостанай облысындағы екі ауданда егіс далалары су астында жатыр. Есепте бар, егіні жоқ алқаптар өңірдегі бағаға қатты әсер етуі мүмкін деп алаңдап отыр депутаттар.

 ЕРКІН ӘБІЛ ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

 Жаңа көл пайда болды да жол да сол судың астында жатыр. Кейбір егінді жерлер де сол судың астында жатыр. Сол мәселені менің ойымша енді шешу керек. Жаңадан жол салу керек пе, егісті жерлерді сол категориядан шығару керек пе?..

 Өткен сессияда басталып, әлі қаралып жатқан, немесе толықтыруды қажет ететін заңдар да бар. Сала мамандарымен, сарапшылармен талқыға салынған сұрақтар жуық арада толық шешімін таппақ.