#qyzylordatv

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Азаматтар жұмыспен қамту, балабақшаға орналастыру, денсаулық, баспанаға қатысты мәселермен келген. Тұрғындардың талап-тілегін мұқият тыңдаған аймақ басшысы барлығы жіті зерделеніп, заң аясында реттелетінін жеткізді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешілді.

Арал ауданының тұрғыны Жарқынай Төреханова облыс әкімінің жеке қабылдауына онлайн форматта қосылды. Ол қызы Жайна Нұртайқызының еңбек өтілі болмағандықтан жұмыс таппай жүргенін айтып, көмек сұрады. Дефектолог мамандығы бойынша білім алған жас енді «Жастар тәжірибесімен» жұмысқа орналаспақ.

   Қала тұрғыны Гүлнар Ахатованы да дәл осы мәселе мазалап жүр. Ол өз қамқорлығындағы тұл жетім баласына тұрақты жұмыс сұрады. Әкім бұл жағдайды ерекше бақылауға алатынын айтып, мәселенің шешілетінін жеткізді.

НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ - ОБЛЫС ӘКІМІ // жұмысқа орналастыруға көмектесеміз, тапсырма бердім басқарма басшылары айналысады.

Ал, жалғызбасты ана Айгүл Өтепбергенова «Ягодка» саяжайынан алған жер теліміне шағын баспана іргетасын құйып беруді сұрай келіпті. Өзі қазір вагонда тұрып жатқанын айтады. Қыс болса қыр астында. Сол себепті Нұрлыбек Мәшбекұлы күн суытпай демеушілер есебінен баспананың іргетасын құйып қана қоймай, ғимаратты толықтай салып беруді тапсырды.

    Қабылдауға келгендердің арасында ризашылығын білдіргендер де болды. Солардың бірі – Талсуат ауылының тұрғыны Толыбек Әбдреев. Ол ауылдың көркейіп, дамып келе жатқанын айтып, облыс басшысына алғысын жеткізді.

Қабылдауға келген әр тұрғынның мәселесі мұқият тыңдалып, әрбіріне нақты жауап берілді. Әкім халықпен ашық диалог орнату алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.