#qyzylordatv
Қалада құрылыс алаңдарына бақылау күшейтілді. Осы ретте, қала әкімдігі жанынан құрылған мобильдік топ рейдке шығып, бірқатар нысанға барды. Құрылыс жүріп жатқан алаңдарда қандай кемшіліктер анықталғанын тілшіміз айтсын.
Кезекті рейд барысында арнайы топ Сұлтанмахмұт Торайғыров көшесінің бойындағы жеке тұрғын үйдің жанына аялдады. Меншік иесі қиыршық тас, құм, цемент секілді құрылыс заттарын көшеге шығарып тастаған. Құрылдыс алаңының айналасы қоршалмаған. Қауіпсіздік ережесін сақтамаған тұрғынға ескерту жасалды.
Дәл осы көшенің бойында тағы бір олқылық анықталды. Мына мемлекеттік мекеменің алдында да құм-топырақ үйіліп жатыр.
Келесі нысан – дүкен. Жұмысшылар ғимаратты кеңейтіп жатыр екен. Алайда құрылыс заттары жаяу жүргіншілер жолын бөгеп тастаған. Мұны ескермеген кәсіп иесіне заңға сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды.
Бірнеше сала мамандарынан құралған топ тоқсан сайын рейдке шығып жүр. Бүгінгі іс-шара барысында, айтарлықтай өрескел кемшіліктер анықталған жоқ. Бақылау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады.