#qyzylordatv

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, сатирик ақын, қоғам қайраткері Асқар Тоқмағамбетовтің 120 жылдық мерейтойы туған жерінде аталып өтті. Ақын атындағы ауылда облыстық сатирик ақындардың жыр мүшайрасы мен карикатура суретшілер сайысы ұйымдастырылды.

Шараға жиналғандар әуелі Асқар Тоқмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоғын қойып, ақын рухына тағзым етті. Асқар Тоқмағамбетов қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі. Ол өз дәуірінің әлеуметтік-саяси шындығын сатира тілімен жеткізіп, қоғамдағы кемшіліктерді көрсете білді. Қаламгердің туындылары бүгінде қазақ әдебиетінің құнды қазынасына айналды. Ендігі міндет - ақын шығармаларын кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпаққа дәріптеу.

 «Қырғи тілді - Асқарым» атты облыстық сатирик ақындардың жыр мүшайрасына аудан және қаладан барлығы 12 талапкер қатысты. Олар бірінші кезеңде ақынға арнау өлеңін оқыса, екінші бөлімде сатира жанрында жазылған жырларын тарту етті.

Ал, карикатура суретшілер сайысына қатысушылар алдын ала дайындап әкелген туындыларын қазылар алқасының назарына ұсынды.

 Мүшәйра қорытындысы бойынша Шиелі ауданының атынан қатысқан жас ақын Бекжан Ержігіт бас жүлдеге ие болды. Ал, қылқалам шеберлерінің сайысында Асылбек Бәйділдаевтің жұмысы үздік деп танылды.