#qyzylordatv
Қармақшы ауданында 1977 жылы туған азаматтардың ұйымдастыруымен Мәуліт мерекесі аталып өтті. Тәлім мен тәрбиеге толы рухани басқосуда екі дүниенің сардары Мұхаммед пайғамбардың тағылымды істері дәріптеліп, Мәуліт жыры оқылды.
Қармақшы ауданында Мәуліт мерекесін тойлау осыдан 17 жыл бұрын 1960 жылы туған азаматтардың бастамасымен қолға алынған болатын. Міне, содан бері үлкендер аманаты ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Мақсат - жастарды имандылыққа, адамгершілікке тәрбиелеу, ата-ананы құрметтеп, түрлі теріс әрекеттерден аулақ болуға шақыру. Тағлымды шарада облыстың бас имамы Дастан Құрманбаев Мәуліт мерекесінің шығу тарихы мен мән маңызына тоқталды.
Мәуліт айында 1977 жылғы қыз-жігіттер ізгілік жолында ас берді, қайырымдылық жасап, сауапты істердің ұйытқысы болды. Атап айтсақ, бір үйдің іргетасын қалап, 12 отбасына азық-түлік себетін таратты. Мұқтаж төрт отбасыға тегін газ жүргізіп, халықтың алғысына бөленді.
Рухани кеште адамзаттың асыл тәжі, Мұхаммед пайғамбарға салауат айтылып, мәуліт жыры оқылды. Дүниеден озған сыныптастарға Құран бағышталды.
Мәуліт мерекесін енді келесі жылы 1978 жылы туған азаматтар ұйымдастырады. Осыған орай шараны өткізудің аманаты салтанатты түрде табысталды.