#qyzylordatv
«Грек-рим күресінен осы ғасырдағы қазақстандық тұңғыш жеңімпаз!». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды жарқын жеңісімен құттықтады. Сыр палуаны Хорватияның Загреб қаласында өткен жаһан біріншілігінде алтын олжалап, ел абыройын асқақтатты.
Президент өзінің инстаграм парақшасында: «Ол – грек-рим күресінен осы ғасырдағы тұңғыш жеңімпаз. Балуандарымыздың жеңісті жолды жалғастыра беруіне тілектеспін!», - деп жазды.
Айта кетейік, Айдос Сұлтанғали қыркүйектің 20-сы күні әлем чемпионатында 60 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, жеңіске жетті. Қазақстанға грек-рим күресінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының бұл алтыны 26 жылдан кейін бұйырып отыр. Бұған дейін 1999 жылы Афинада өткен әлем чемпионатында отандасымыз Мхитар Манукян чемпион атанған еді. Ал, Айдос Сұлтанғали ақтық белдесуінде Өзбек спортшысы Алишер Ганиевті 9:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңді. Айта кетейік, сырбойылық спортшы бұған дейін екі мәрте Әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған болатын.