#qyzylordatv

Боксты ұлттық спорт деңгейіне көтеру керек. Осылай деген Мемлекет басшысы әлем біріншілігінен олжалы оралған боксшыларды Ақордада арнайы қабылдады. Жалпыкомандалық есепте бірінші орын алған спортшылар мен бапкерлердің еңбегіне алғыс білдірді. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрама алдына тағы бір міндет жүктеді.

 Британиядағы біріншілік біз үшін табысты болды. 7 алтын, 1 күміс және 2 қола. World Boxing аясында алғаш рет өткен Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы командалық есепте бірінші орынды иеленді.

Ағайынды Сабырхандар әлемді аузына қаратты. Бір үйден қос чемпион шығып, тарихқа есімдерін алтын әріппен жазды. Төрехан тұғыр төрінен көрінгенде ағасы Махмұдтың иыққа алып көтергені көпшілік көңілін елжіретті.

Президент бұл жеңісті сәттер еліміз үшін тарихи оқиға, халқымыз үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті.

 Олимпиада ойындарында еліміз алған 15 алтын медальдың жетеуі боксшылардың еншісінде. Сондықтан бұл спорт түрін дамытуға ерекше көңіл бөлінеді,- деді Президент.

  Сөз арасында Қасым-Жомарт Тоқаев боксты Олимпиада ойындарының бағдарламасына қайтаруға атсалысқаны үшін Геннадий Головкинге ризашылығын білдірді. Даңқты спортшының жігерлендіруі спортшыларымызға да көмектескен.

 Құрмет ерен еңбегі үшін. Боксшылар мен бапкерлердің көп жылғы еңбегі ақталып, Президент қолынан жоғары дәрежелі марапат алды.