#qyzylordatv
Мемлекет басшысының халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мәселелеріне арналған жиын өтті. Спикерлер стратегиялық маңызы бар құжаттың басым бағыттарына тоқталды.
Ел Президенті Жолдауда өңдеу өнеркәсібінің дамуына жаңа серпін беретін уақыт келгенін атап өткен еді. Жиында қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев өңдеу өнеркәсібін дамыту – Қазақстан экономикасының шикізаттан өңделген өнімге көшуіне, яғни жаңа индустриалдық деңгейге шығуына мүмкіндік беретініне тоқталды.
ИБАДУЛЛА ҚҰТТЫҚОЖАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ТӨРАҒАСЫ /
Өңдеу өнеркәсібі – тұрақты жұмыс орындарын ашып, халық табысын көбейтетін негізгі сала. Осыған байланысты Жолдауда еліміздің өндіріс саласы шикізатқа ғана тәуелді болмай, өңделген өнім экспортын арттырып, индустрияны әртараптандыру, яғни мұнай-газға тәуелділікті азайту үшін химия, машина жасау, құрылыс материалдары, тамақ өнеркәсібі бағыттарын дамыту керектігі айтылды.
Сонымен қатар, ірі инвесторларды тарту арқылы жаңа зауыттар ашуды, заманауи технологиялар енгізіп, еңбек өнімділігін арттыруды іске асыру қолға алынатын болады.
Мемлекет басшысы Жолдауда жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттыратынын атап өтті. Бүгінде барлық салада цифрландыру жұмыстары ерекше қарқын алғанын байқауға болады. Сондай-ақ, Сыр өңірінде жасанды интеллект, ІТ саласының білікті мамандары даярлануда.
МЕДЕТ ЖОРАБЕК, ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Мемлекет басшысы кезекті Жолдауында алдағы 3 жыл көлемінде барлық салаларды жасанды интелектке және цифрландыру жүйесіне ауыстыру туралы нақты тапсырмалар жүктеді. Осы бағытта жастардың рөлі өте ерекше. Себебі жаңа технологияларды, ІТ салаларды меңгеруде жастардың қарым-қабілеті, мүмкіндігі өте көп. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жасау барысында жастар тарапы айрықша рөл атқаратын болады.
Сыр елінде инвестициялық ахуалды жақсарту, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау, индустриялық аймақтарды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асуда. Сондай-ақ қала жастарын қолдауға бағытталған ауқымды жобалар атқарылуда.