#qyzylordatv
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов сексеннің сеңгіріне шықты. Арда азаматтың мерейлі 80 жасқа толуына «Болашақ» университетінің ғылыми кеңесінде мәжіліс өтті.
Бақберген Сәрсенұлы қазақ ғылымы мен білімінің көшбасшыларының бірі. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық, мәдени дамуында өшпес із қалдырған ұлағатты ұстаз, кемел ойлы ғалым, парасатты азамат. Еңбек жолын ұстаздықтан бастап, ғылымның биік шыңына көтеріле білді. Ғылыми кеңес мәжілісінде ҚР Президентінің кеңесшісі, профессор Бауыржан Омаров мемлекет басшысының құттықтауын табыстады.
Бақберген Сәрсенұлының білім беру саласындағы реформаторлық қадамдары, ғылымдағы тың ізденістері, мемлекет ісіндегі қажырлы еңбегі ұрпаққа өшпес өнеге, сарқылмас тағылым. Бұл алқалы жиынға келген зиялы қауым өкілдерінің ортақ ойы. Әсіресе, осыдан отыз жыл бұрын «Болашақ» университетінің ашылуы мемлекет және қоғам қайраткерінің елжандылық пен ұлт болашағына деген жанашырлығының айқын дәлелі. Университетте 6 мыңнан астам шәкірт білім алады. Бүгінде оқу орны өңірдің ғана емес, еліміздің іргелі білім ордасына айналып отыр.
Бақберген Досманбетовтің саясат сахнасында да салмағы басым болды. Он екі жыл сенат депутаты ретінде елге еңбек сіңірді. Бар білім-білігі мен қажыр-қайратын заң шығару ісі мен елдің дамуына жұмсады. Ғылыми кеңесте сөз алған азаматтар оның «руханият пен ғылымға қосқан еңбегі ерен»,- деді.
Көшелі ісімен көпке үлгі бола білген Бақберген Досманбетов Сыр өңірінің мақтанышы. Сексеннің сеңгіріне аяқ басса да, еңбектен қол үзген жоқ. Жастардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды жасап келеді. Сондықтан бұл мерейлі сәт – тек бір азаматтың ғана емес, тұтас ұжымның, ғылым мен білімге қызмет етіп жүрген барша қауымның қуанышы болмақ.