#qyzylordatv
Халықаралық қарттар күніне орай облыс ардагерлері Қызылордада жаңадан салынған әлеуметтік нысандар мен өндіріс ошақтарын аралады. Шараның мақсаты – ардагерлерді аймақтың экономикалық әлеуетімен таныстырып, ақыл-кеңесіне құлақ түру. Әртүрлі салада ел игілігі үшін еңбек еткен қариялар қаланың даму деңгейіне жоғары баға берді.
Қызылордалықтар асыға күтіп жүрген нысанның бірі - 11 мың орындық жаңа стадион. Сол жағалаудан бой көтерген заманауи стадион халықаралық стандарттарға сай. Атшаптырым жерді алып жатқан жасыл алаң өз алдына, мұнда олимпиадалық спорт түрлеріне арналған бокс, гимнастика, күрес, ауыр атлетика залдары бар. Ардагерлер аймақ тарихындағы ең үлкен спорттық нысанды аралап, таң-тамаша болды.
Сондай-ақ ардагерлер тағы бір алып нысан - құрылысы қарқын алған жылу электр орталығында болды. Бұл мега-жоба жүзеге асырылғанда, өңірдегі электр жүктемесі тұрақтанып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне оң әсер етеді.
Ал шілде айында іске қосылған кірпіш зауыты жылына 90 млн, күніне 250 мың дана кірпіш өндіруге қуатты. Бүгінде 78 адамды жұмыспен қамтып отыр.
СЕРІК ДҮЙСЕНБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгін міне Сыр елінде де облыстағы бүкіл ардагерлердің басын қосып, үлкен шара өткізудеміз. Бірінші мақсат таңертеңнен бастап әр ауданнан 10-15-тен ардагерлерді жинап, бүкіл облыс бойынша осы облыс орталығында салынып жатқан әлеуметтік нысандары, небір ғимараттар, өндіріс орындарын аралап көрсетіп жатырмыз. Елден келген, аудандардан келген, көрмеген кісілер өте бірғажайып көріністерге куә болып жатыр. Осының барлығы бүгінгі таңдағы облыс басшысының бастамасымен атқарылып жатқан жұмыстарға көздерін жеткізу, көру, танысу, білу. Өйткені облыс орталығы күн санап өсуде.
Бұл күні ардагерлер «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық академиясында болды , «Қызылорда НАН» кондитерлік және макарон өнімдерін өндіру кешенін көрді, қалалық мәдениет және демалыс саябағы, физика-математика бағытындағы мектеп-интернаты, «Тұмар» шағын өнеркәсіп аймағы, «Сырдария» коммуналдық базар құрылысы, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің жұмыс барысымен танысты. Сондай-ақ, Президент саябағындағы қайта жаңғырту жұмыстарын тамашалады.
НҰРМАҒАМБЕТ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, АМАНГЕЛДІ АУЫЛДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
Бүгінгі іс-шара өте жақсы ұйымдастырылған. Облыс әкімінің ұйымдастыруымен бүкіл Қызылорда облысындағы жаңадан салынған ғимараттарды аралап, бүкіл облыс бойынша ардагерлер, ақсақалдар келіп көріп жатырмыз. Өте ұнап жатыр. Өте ауқымды, қарқынды жұмыстар атқарылып жатқанына көзіміз жетті. Ауқымды жұмыс істеліп жатқанына ризамыз.
ЖАНӘБІЛ НҰРҚЫШ, ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ Азанғы 9-дан бастап осы жерге дейін қалада салынған обьектілерді аралап келе жатырмыз. Өте жоғары деңгейде салынған обьектілер. Халықтың игілігі үшін жұмыс істеп жатқан обьектілер.Оның ішінде атап өтуге болады 11 орындық стадион, физика-математика мектебі, Сырдария базары соны бәрі халық үшін істеліп жатқан нәрсе.
НАЙЛА ПАЛЫМБЕТ, ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
.Тек ғимараттар ғана емес, көшенің қандай болуы, жалпы Таза Қазақстан деп жатқан сөз дәл біздің Қызылорда қаласына, жалпы Сыр еліне арналған тапсырма сияқты болып тұр.Өйткені қалада бір қылау жоқ. Қай жерге барсақ та, қай өңірге барсақ та қазір барлық жер тап-тұйнақтай таза. Керемет нәрселерді көріп жатырмыз.
Ардагерлер – біздің қай кезде де ақылшымыз. Аға буынның жүріп өткен жолы үлгі-өнеге. Олардың жаңа нысандарды аралап, өзгерістерге оң баға беруі жастарға серпін берері сөзсіз.