#qyzylordatv

Сырдария ауданы, Шіркейлі ауылындағы көшенің бірі енді Ұлы отан соғысының ардагері Дүйсенбай Мұсаұлының есіміммен аталады. Ал майдангердің соғыстағы ерлігі мен еңбектегі өнегесі жайлы ауыл балалары мектептің тарих кабинетінен білетін болады.

 Соғыстың суық хабары келгенде Дүйсенбай Мұсаұлы он сегізге енді ғана толған жас жігіт еді. Майдан даласында Курск шайқасына қатысқан. Осы кескілескен ұрыста жарақат алса да іле-шала Днепр бойындағы ұрысты да бастан өткерген. Ал бейбіт өмірге оралған соң ақмаржанды баптаған күрішші, сушы, звено жетекшісі болды. Енді міне ұрпағына мыңжылдық азық болатын өнеге қалдырған арда азаматтың есімі қайта жаңғырды. Шіркейлідегі көшенің біріне соғыс ардагерінің есімі берілді.

 БАҚТИЯР ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫ, ДҮЙСЕНБАЙ МҰСАҰЛЫНЫҢ ҰЛЫ Жалпы әкеміздің өмірдегі ұстаным қасиеті адалдық имандылық, әділдік. Бізге дарыған қасиеті де сол адалдығы, имандылығы,әділдігі. Бізді кішкентай 6жасымыздан еңбекке тәрбиелеп, сол еңбектің арқасында 9баланың тоғызы да өздерінше білім алып еңбек етіп елге қадірлі болып, әкеміздің атын әр уақытта жоғары абыройлы болуды қамтамасыз етуге тырыстық.Сол абыройлы күйінде 96 жасында өмірден өтті.

  №129 Әбірәш Жәмішев атындағы мектептен ашылған тарих кабинеті де Дүйсенбай Мұсаұлының есімімен аталмақ.Ардагердің ұрпақтары кабинетті толықтай заманауи үлгіде жабдықтап, жас өрендердің тарихи білімін тереңдетуге мүмкіндік жасады.

 НҰРСӘУЛЕ МҰСАЕВА, ДҮЙСЕНБАЙ МҰСАҰЛЫНЫҢ ҚЫЗЫ Ономастикалық комиссияның шешімі бойынша,Шіркейлі ауылы әкімінің шешімімен әкемізге көше беру заңдылығына сәйкес, бұл шара қолға алынды.Сол көше берумен қоса біз өзіміз оқып білім алған ауыл орталығындағы 129 Әбірәш Жәмішев атындағы мектептің басшылығына әулет атынан ұсыныс бердік. Ұлы отан соғысы ардагерлерінің еңбегін дәріптеу кейінгі ұрпаққа насихаттау мақсатында осындай тарих кабинетін алып жабдықтасақ, кейінгі ұрпаққа бір жағынан тәлім тәрбие болатын және біздің ауылымыздағы ұрпақ заманауи деңгейде осындай кабинетте білім алып, ғылымды дамытатын балалар өсіп жетілсе деген мақсатта сол кабинетті жабдықтау қолға алынды.

 Аға буынның ерлігін, ұрпаққа үлгісін насихаттаудың маңызы зор. Сырдарияда қолға алынған тағылымды шаралар өскелең ұрпақты отансүйгіштікке баулып, ел тарихын қастерлеуге жол ашады.