#qyzylordatv

Сонымен, кеше түнде күллі әлем көз тіккен «Қайрат» пен «Реал Мадрид» арасындағы матч дүбірмен өтті. Корольдік клуб ойыншылары айқын басымдық танытып, Алматыдан үш ұпай олжалап қайтты. Дегенмен, чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде тұңғыш рет қатысып жатқан халықтық команда жұртшылыққа нағыз футбол мерекесін сыйлағаны анық. Қайратты қолдаушылар тек стадионда ғана болған жоқ. Қазақстанның әр аймағында дүйім ел болып қолдау көрсетті. Соның ішінде Сыр жастарының белсенділігі бөлек. Қиқуға басқан, жергілікті жанкүйерлердің «Қайратты» қолдауын телеарнаның түсіруші тобы таспалап қайтқан еді, бейнематериалға зер салайық.

 Тойдың болғанынан, боладысы қызық. Қайрат – Реал Мадрид матчын тамашалауға облыстық жастар ресурстық орталығына футболсүйер қауым ертемен жиналды. Олардың дені жалынды жастар. Көгілдір экранға көз тіккен жанкүйерлер жанын шүберекке түйіп, шынайы қолдау көрсеткені алыстан аңғарылады. «Қайрат» ойыншылары алғашқы минуттағы ұтымды сәтте ұпай қармап қалмағанына көпшілік күйінді. Дегенмен азуын айға білеген командамен тайталаста жарты алаңда жатып қалмай, қаймықпай қайрат көрсеткені жанкүйерлерге рух берді.

 РАСУЛ БАЗАРХАНҰЛЫ – ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ / Жалпы облыстық жастар ресурстық орталығы осы өңірдегі жастардың басын қосу мақсатында. Шараның мақсаты - бұл жерде тегін көрсету, одан бөлек бір-бірімен эмоциональды тұрғыда, интелектуалды тұрғыда көру мақсатында шараны ұйымдастырып отырмыз.

 БЕКАРЫС ЖАМБЫЛОВ – ЖАНКҮЙЕР // Жақсы ұйымдастарылып жатыр, бір жағынан тегін, қолжетімді барлығы. Біз бір жерден шығып, осы жастар орталығына болып жатқанын естіп, бірден жетіп келгеніміз бар. Рақмет, алғысымыз шексіз барлығына.

 Ойын басында қайраттықтар қайрат көрсетіп, алаң қожайындары екенін анық аңғартты. «Корольдік клуб» деп кібіртіктеп қалған жоқ. Керісінше, әлемнің ең үздік ойыншыларын біраз састырды. Бірақ тәжірибенің аты тәжірибе. Матчтың 24-ші минутында Килиан Мбаппе пенальтиден есеп ашты. Ал, екінші таймда шыңдалған шабуылшы тағы екі мәрте мергендігімен танылса, ойын түгесілуге таяғанда Эдуардо Камавинга мен Браим Диас есепті еселеді. Қорытынды есеп – 0:5. Түсінгенге, түпкі нәтиже тәжірибе. Сондықтан, жанкүйерлер нағыз футбол мерекесін сезіндірген халықтық командаға алғыс білдірді.

МАҚСАТ БЕКЕШОВ – СТУДЕНТТЕР АЛЬЯНСЫҢ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ /Біз Қайраттың жанкүйеріміз, Қайрат осының алдында Селтикті жеңіп, бізді қуантып лига чемпионовқа шыққаны барлығымызды қуантты. Енді осы жастардың басын қосып бірге жанкүйер болып жатырмыз.

 ЕЛДОС ҚУАНТХАН – ЖАНКҮЙЕР /Бұл енді басты фаворит - Реал Мадрид. Реал Мадрид қандай гол салса да , біз әрқашан Қайратқа жанкүйерлік етеміз. Өйткені, Қайрат өзіміздің еліміздің намысын қорғап жүрген клуб болып табылады. Сол себепті жігіттерге тек қана сәттілік тілеймін алдағы уақытта/

 Иә, алаңдағы доп ала болғанымен қазақ жанкүйерлері алалық танытқан жоқ. 23 мың жанкүйер орталық стадионда «Алматы ең алғашқы махаббатым» деп әндетті. Тіпті, шетелдік меймандар да бұл көрініске таңдай қағып, әлеуметтік желілерде жарыса бөлісуде. Орта Азияда, оның ішінде ақбас Алатау бөктерінде әсем қала бар екенін күллі әлем білді. Бюджетке 3 млрд теңгеден астам пайда түсті. Демек, бұл ойыннан ұтылғанымыздан ұтқанымыз көп.