#qyzylordatv

 Сыр өнерінің қара шаңырағы, думан-жырдың ордасы облыстық филармония ұжымы жаңа маусымның шымылдығын түрді. Осыған орай өнер орталығында тамаша кеш ұйымдастырылып, өңір тұрғындары ерекше әсерге бөленді. Жаңа маусымның жаңа шарасына біздің түсіруші топ та куә болып қайтқан еді, Елжас Әбділда сабақтайды.

 Өнерсүйер қауымның мәуелі ордасына айналған облыстық филармонияның негізі 1972 жылы қаланды. Биыл іргелі өнер ұжымы 53-ші маусымның шымылдығын түріп отыр. Сыр таланттарының басын қосқан мекеменің жыл сайын кәсіби аясы кеңейіп келеді. Өнерпаздар бұрынғыдай тар жерде тұсауланбайды. Соңғы үлгіде салынған орталықтың мүмкіндігі мол. Кең зал, сәнді сахна, түрлі-түсті жарықшамдар. Маусымашар кеште барлық өнер труппасы осы мүмкіндікті тиімді пайдаланды.

 Маусымашар концерт хәкім Абайдың 180 жылдығы мен Ақмешіттің алғашқы астана болғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Сондықтан, көрермен назарына ұсынылған әрбір ән-би қойылымы тақырыпқа сай өрбіді. Ал, келелі кеште шырқалған барлық шығарма Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі мен облыстық симфония оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Өнерпаздар қазыналы халық әндерінен бастап, әлемдік музыка майталмандарының классикалық туындыларын шырқады.

 Бір сөзбен, бұл кештің бағдарламасы заманауи бағыт пен дәстүрлі өнерді ұштастыра отырып әзірленген. Концерт біткенше көрермендердің көбесі сөгілген жоқ. Олар енді қандай қызыққа тап боламыз деп тебіреніп отырды. Әсіресе, «Томирис» би ансамблі ұсынған «Ұлы дала поэмасы» атты хореографиялық қойылым толқынды тарих тұңғиығына жетелеп, жұртшылықтың жүрегін елжіретті. Жалпы, облыстық филармонияда 250-ден астам өнерпаз еңбек етеді. Маусымашар кеште солардың барлығының таланты тоғысты.

Расымен, жаңа маусымдағы жаңа кеш ерекше мазмұнда өрбіді. Жұртшылық әуезді әнге елітіп, рухани әсерге бөленді. Тіпті кеш біткеннен кейін көпке дейін кетпей, өнерпаздарға қошемет көрсеткендер аз болмады.

 Осылайша жанды дауыста өткен жайдарлы кеш тағылыммен түйінделді.