#qyzylordatv

Қызылордада электр және жылу энергиясын өндіретін жаңа орталықтың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа жылу-электр орталығындағы жұмыстарды көрді. Сондай-ақ аймақ басшысы Тәуелсіздік даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңіндегі жұмыстармен танысты.

 Инвестор «Aksa Energy» компаниясы қолға алған жобаның жалпы құны 215 млрд теңге болса, осы уақытқа дейін 178 млрд теңгеден астам инвестиция салынған. Негізгі 2 газ турбиналық қондырғы АҚШ-тан , бу турбинасы Чехиядан жеткізілген. 2 бу қазандығы италиялық жабдық,ал 4 жылу қазандығы түркиялық Mimsan компаниясы арқылы салынуда.

   Бюджет есебінен 15 млрд теңгеге жаңа орталыққа дейін 45 шақырым газ құбырының, автоматтандырылған газ тарату станциясының құрылысы жүргізілген.

 Қалада Тәуелсіздік даңғылын жаңғыртудың екінші кезеңінің құрылысы да қарқын алды. Ұзындығы 2,8 шақырым, ені 14 метрлік төрт жолақты автожолмен қатар, ені 6 метрлік жаяу жүргіншілер және велосипед жолағы салынуда.

Жалпы биыл аймақта 329 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпір өткелдері жөндеуден өткен. Осы жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95 пайызға жетіп отыр.