#qyzylordatv
Ақылына көркі сай арулар бақ сынайтын «Сыр аруы – 2025» байқауының жеңімпазы анықталды. Сән мен сұлулық тоғысқан сахнада білімді әрі өнерлі 12 бойжеткен сынға түсті.
Облыстық «Сыр аруы – 2025» байқауы осымен сегізінші мәрте ұйымдастырылуда. Бұған дейін байқау қатысушыларын анықтау үшін облыстық жастар ресурстық орталығында кастинг өтіп, оған 80-нен астам қатысушы келді. Олардың арасынан байқау талаптарына сай келетін 12 қыз облыстық сұлулық байқауына жолдама алды.
ӘЙГЕРІМ ҚАНАТБАЕВА, «СЫР АРУЫ» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ПРОДЮСЕРІ, «АЙ-ҚАНАТ» ЖАСТАР ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ Сегіз жыл қатарынан біздің аруларымыз республикалық Қазақ аруына тікелей жолдама алады. Осы уақытқа дейін жетістіктеріміз бар. 2017 жылы Зухра Сайпи Қазақ аруында 1 орын иеленсе, 2024 жылы Ысқаққызы Ақкербез бас жүлдені иеленді. Қыздарға қойылатын талаптар – оның дене сымбаты, түрі, оның ақылы деген сияқты өнерлі болуы керек ол, ән де айта алуы керек, би де билей алуы керек және де қазақ тілімізді жетік меңгеріп, салт-дәстүрімізді білу ол әрбір қазақ қызының міндеті.
Үздіктер анықталатын байқау 4 кезеңнен тұрды. Алдымен қыздар қазақ қызына тән әдебімен өздерін таныстырды. Екінші кезеңде қаламыздың тарихы мен салт-дәстүрімізге байланысты сұрақтарға жауап берді. Мұнан кейін ақылына көркі сай бойжеткендер өз өнерлерін ортаға салды.
Сондай-ақ музыкалық аспапта ойнап, сахналық қойылыммен ерекшеленді.Ал төртінші кезеңде қатысушылар жергілікті дизайнерлердің авторлық көйлектерімен сән үлгісін көрсетті.
Осылайша байқауда қыздардың сұлулығы ғана емес, білімі де сынға түсті. Жеңімпаздарды қазылар алқасы анықтап, қатысушыларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Нәтижесінде ІІІ орынды Қармақшы ауданынан келген Мөлдір Дүйсенова еншіледі. Екінші орын қазалылық ару, актриса Еркемай Алешоваға бұйырды. Ал бірінші орынмен Сырдария ауданынан келген Іңкәр Ақылбек марапатталды. Ал «Сыр аруы» атағы мен тәжін ...
Шиелі ауданының тумасы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Айкерім Нұрғалиева енді республикалық байқауда бақ сынайтын болады.
АЙКЕРІМ НҰРҒАЛИЕВА, СЫР АРУЫ - 2025
Қазір көңіл-күйім өте керемет. Баста өте қатты қобалжыдым кім алады екен деп. Әуел Алла өзіме сенімді болдым, аламын деген ой болды. Алла қаласа Қазақ аруына барып, Сыр елімнің абыройын қорғаймын деген ойдамын.
Сұлулық пен пайым-парасаты жарасқан Сыр арулары әрдайым жарқын жеңістерге жетеді деген ойдамыз.