#qyzylordatv

Қазалы ауданында Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толуына орай вокалды-аспапты ансамбльдердің фестивалі өтті. «Әнім сенсің – Қызылорда» атты мерекелік іс-шарада облыстың барлық ауданынан келген өнерпаздар 90 жылдардағы әндерді орындап, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Вокалды-аспапты ансамбльдер фестивалі Қазалы ауданында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Мақсат - ұмытылып бара жатқан ескі де есті әндерді қайта жаңғыртып, өнер ұжымдарының мәдени-рухани байланысын арттыру және шығармашылығын дамыту. Фестивальдің ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі көпшілікті Қызылорда қаласының астана болғанына 100 жыл толған мерейлі мерекесімен құттықтап, тарихқа шегініс жасады.

Фестивальде Қызылорда қаласы және аудандардан «Мереке», «К-4», «Алтын Арай», «Ритм», «Dostar band», «Арал», «Шиелі» және «Қазалы», «5-ші аймақ» вокалды-аспапты ансамбльдері өнер көрсетті. Аға буын кезінде «хит» болған әндерді тыңдап, жастық шаққа оралды. Ән тыңдап, сағыныш сезімін басты.