#qyzylordatv
Өткен жылы өңірде қаржыландырудың барлық көздерінен 13 білім беру нысаны жаңадан ашылды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 мектептің құрылысы жүргізіліп, пайдалануға берілуде. Мұнан бөлек, ел президентінің тапсырмасына сәйкес, алдағы үш жылда аймақта 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, «Білімді қолдау қоры» арқылы салынып жатқан Арал ауданы, Мергенсай елді мекеніндегі 150 орындық заманауи білім ошағы келер айда ел игілігіне табысталады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ұстаздар күніне арналған салтанатты іс-шарада айтты.
Ұстаз - мектептің жүрегі, бала жанының бағбаны. Ал, мұғалім - ең ұлы мамандық иесі. Сондықтан шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздың орны ерекше. Аймақта педагог мәртебесін көтеріп, мұғалімдерді қолдау мақсатында нәтижелі жұмыстар атқарылып келеді. Сондай-ақ жаңа білім ошақтары ашылып, мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Әрине, мұның бәрі оқушының сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік береді.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ //Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде президентіміздің, үкіметтің ерекше қолдауымен білім саласында ауқымды жобалар мен тың бастамалар жүзеге асуда. Биыл облысымыздың бюджеті 850 млрд теңгеден асты. Оның 346 млрд 800 млн теңгесі білім саласына бағытталды. 2023 жылдан бастап облыстық бюджеттің есебінен 5 млрд 700 млн теңгеге 2 900 орындық қосымша ғимараттар салынды. Нәтижесінде өңірімізде үш ауысымдық мектептер мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Соңғы үш жылда 5 млрд 300 млн теңгеге 15 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осылайша апатты жағдайдағы 7 мектептің мәселесі толық шешімін тапты.//
Кәсіби мереке қарсаңында саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеп, сапалы кадр дайындауға арнаған Ұлжан Жанбершиева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Парасат» орденін алса, қаладағы Мырзабек Дүйсенов атындағы №15 мектеп-лицейінің мұғалімі Күміскүл Серекееваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Салтанатты жиында аймақ басшысы қос ұстазды сахна төріне шығарып, бұл өңірдің білім саласына берілген оң баға екенін айтты.
Сондай-ақ, мерекелік шарада Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Жақсыгүл Тоғанова «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталса, №9 мектеп-гимназиясының еңбек пәнінің мұғалімі Сәуле Құрманбекқызына «Шарапат» медалі табысталды.
Мұнан бөлек, бірқатар білім саласының ардагерлері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, тың ізденістердің арқасында дарынды шәкірт тәрбиелеп жүрген мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі, облыстың ең жоғарғы марапаты «Құрмет» грамотасы табысталды.
Шара аясында республикалық жобалардан және «Педагогикалық идеялар» фестивалінен жүлделі орын алған 50 ұстазға Біркөлік шипажайына жолдама берілді. Солардың қатарында қаладағы №172 орта мектептің мұғалімі Балнұр Жарасбекова да бар. Ізденімпаз ұстаз «бұл сенім жауапкершілік жүгін еселей түсті»,- дейді. Мерекелік шара ұстаздар мен оқушылардың арнайы концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.