#qyzylordatv
Қазалылық диқандар күзгі жиын-терім науқанын аяқтап, қамбаны дәнге толтырды. Елдің несібесі артып, дала еңбеккерлерінің мерейі үстем болды. «Алтын күз - 2025» шарасы аясында жәрмеңке ұйымдастырылып, 121 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдері сатылды. Қазалыдағы тоқшылық тойы туралы тілшіміз Әкімжан Жолтаевтың бейнематериалы.
ӘКІМЖАН ЖОЛТАЕВ, ТІЛШІ \Қазалы ауданында биыл 17445 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде күріш көлемі 5636 гектарды құрайды. Аудан диқандары үшін аяқ су мәселесі өте өзекті болды. Дегенмен, дер кезінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде күріштің шығымы жаман болған жоқ. Міне, ала жаздай атыз жағалап, жиын-терімді ойдағыдай аяқтаған диқандар өздерінің өнімдерін жәрмеңкеге әкеліп, тиімді бағада босатты\
Қара күләбі - Қазалының басты бренді. Себебі, бұл дақылдың дәмі бал татиды әрі жолға төзімді. Абай ауылының тұрғыны Асхат Мереков сондықтан биыл бес гектар жерге қауынның осы түрін егіпті. Ала жаздай кетпен арқалаған диқан адал еңбек, маңдай термен өсірген дақылын жәрмеңкеге әкеліп, қолжетімді бағада сатты.
АСХАТ МЕРЕКОВ, ДИҚАН \Бақша егу оңай емес. Бала-шағаның несібесі. Базарда 250 теңгеден келілеп сатып жатыр, жәрмеңкеде 1000-1500 тг беріп жатырмыз соңғы дақылдар болғасын. Сұраныс жақсы. Өзіміздің бала кезден келе жатқан тұқым, дәмді болғасын жаңа алып кеткендер қайтып келіп қайта алып жатырғой\
Жәрмеңкеге кент және ауылдық округтерден барлығы 121 тоннаға жуық ауыл шаруашылық өнімдері әкелінді. Оның ішінде бақша дақылдарынан бөлек 10 тонна күріш, 11 тонна балық, ет және сүт өнімдері, Қазалының кәмпиті, қой, мал азығы сатылымға шығарылды. Мәуелі мезеттегі мерекелік жиын дала еңбеккерлерін ұлықтауға арналған «Алтын күз-2025» салтанатты іс-шарасына жалғасты.