#qyzylordatv

Шырайлы Шиеліде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері Қуандық Түменбайдың 70 жылдық мерейтойына арналған "Ар мен әдебиет" атты шығармашылық кеш өтті. Тәлім мен тағылым өрілген өнегелі шарадан тілші бейнематериалы.

 Көбіне төрін әртістер мен әншілерге ұсынатын сарай бұл жолы руханияттың ләззатын сезіндіргендей. Себебі залда тыңдармандар емес, оқырмандар отыр. Кештің тақырыбы да түсінген жанды толғандырмай қоймайды. "Ар мен әдебиет" деп аталады. Құдды, әдебиет - ардың ісі екенін айшықтап тұрғандай. Кеш шымылдығын аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы ашып, қаламгердің иығына қазақы ізетпен шапан жапты.

 Қуандық Түменбай - тектінің тұяғы, асылдың сынығы. Ол - кетпенімен кемеңгер атанған Ыбырай Жақаевтың немересі. Тектінің таралғысы тағдыр талайында тарпаң тұлғалардан тәлім алған. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Әбділда Тәжібаев, Шерхан Мұртазалардың алдын көріп, ақылын алғандығы болар, проза жанрында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Туған жердің әсіре табиғатын, бәсіре байлығын, еңбекші қауымын, кіндігі кесілген ауылын жазды, әлі де жазып келеді.

 Кездесу барысында қатысушылар қаламгердің шығармашылық жолын, әдебиетке қосқан үлесін кеңінен талқылады. Әріптестері оның қаламынан туған туындылардың тіл байлығы мен көркемдік ерекшелігін айрықша атап өтті.

 "Табалдырықтан биік тау, туған жерден асқан тұғыр жоқ". Жерден тауып, көктен сауып айтылған қанатты сөз Қуандық Түменбайға қарата айтылған сыңайлы. Қаламгер де: "Мен туған жеріме той тойлау үшін емес, ой ойлау үшін, перзенттік есебімді беру үшін келдім" деп, ағынан ақтарылды.

 Рухани кеште ән де орындалды, Қуандық Түменбайдың сүбесі бес елі шығармаларынан үзінділер де оқылды, көрініс те көрсетілді. Көркем әдебиет көркінен айырылған заманда осындай кештердің өтіп тұрғаны олжа! Біз келелі кештен осыны ұқтық.