#qyzylordatv

Қармақшы ауданындағы Төребай би ауылының құрылғанына биыл – 60 жыл. Осыған орай аталған елді мекенде «Жосалым көк табанның сабатында» атты мәдени-көпшілік іс-шара өтті. Тағылымды жиында тарихтан сыр шертіліп, ауылдың өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетілді.

Жосалы ауылдық округіне қарасты Төребай би ауылы 1965 жылы құрылған. Елді мекеннің қазығын қағып, аяғына тұрғызған алғашқы директор Орныққан Қазиев. Одан кейін Жақсылық Жалғасбаев, Серік Төлегенов, Нұраддин Ермеков, Ашабек Қисықов сынды азаматтар ел тізгінін ұстап, ауылдың ахуалын жақсартуға үлес қосты. Мерейтой аясында театрландырылған көрініс қойылып, тарихтан сыр шертілді.

 Бүгінде алпыс жылдық тарихы бар ауылдың ажары айшықты, келбеті көрікті, халықтың тұрмыс жағдайы қалыпты. Тұрғындардың дені ата кәсіп мал және егін шаруашылығымен айналысады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша қайтарымсыз грант алып, бизнеске бет бұрғандар да бар.

 Салтанатты шарада елді мекеннің өсіп өрістеуіне үлес қосқан еңбек ардагерлері мен түрлі сала қызметкерлеріне құрмет көрсетілді.

Торқалы тойға орай ауыл абаттандырылып, көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Түрлі танымдық, мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізілді. Мәселен, жас ақындар арнау өлеңдерін оқыса, қылқалам шеберлері ауыл бейнесін ақ қағазға түсіріп, шығармашылық қырынан танылды. Ал, «Шуақ» әжелер ансамблі ауылдың алты ауызын айтып, кеш көрігін кіргізді.

 Бұл күні ұлттық спорт түрлері де ұлықталды. Орталық алаңға ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан көтерілді.