#qyzylordatv
Қызылорда облысы делегациясының Швейцарияға жұмыс сапары аясында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар ірі инвестициялық компаниялардың басшыларымен кездесті. Сапардың үшінші күнінде облыс әкімі Швейцарияның жетекші инвестициялық құрылымдарының бірі Inoks Capital SA компаниясының өкілі Николас Мэлкимен келіссөз жүргізді.
Кездесуде тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестікті кеңейту, оның ішінде мал шаруашылығын, құрама жем өндірісін дамыту және өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуетін тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі Қызылорданың инвестиция тартуға қолайлы жағдайларымен, дайын инфрақұрылымы бар индустриялық аймақтардың мүмкіндіктерімен және аграрлық сектордың экспорттық әлеуетімен таныстырды.
Швейцариялық тарап өзара тиімді серіктестік орнатуға және Қазақстан нарығында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдірді.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев швейцариялық Swiss Choice Holding SA компаниясының басшысы Завье Рей мырзамен кездесті. Онда тараптар балық шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, ортақ инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.