#qyzylordatv
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов «СПМК-70» мөлтек ауданында бой көтерген «Келешек мектебіне» және қала аумағындағы бірнеше ойын алаңына барып, жұмысымен танысты.
Биылғы жаңа оқу жылында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қалада үш білім ошағы пайдалануға берілді. Ал, жақын күндері «СПМК-70» мөлтек ауданында тағы да 1500 орындық мектеп ашылады. Қазіргі күні құрылыс жұмыстары аяқталған, ішкі әрлеу, тазалау жұмыстары жүріп жатыр. Жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, мектептің аумағы абаттандырылды, жаңадан жол салынды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов жаңадан бой көтерген білім нысанын аралап, кемшіліктерді тез арада түзетуді тапсырды. Сондай-ақ көпқабатты үйлердің ауласында тозығы жеткен ойын алаңдарын жаңарту керектігін айтты.
Айта кету керек, биыл қала аумағында 20 аулаға балаларға арналған заманауи ойын және жаттығу алаңдары салынады. Ол үшін бюджеттен 1,3 млрд теңге қаржы қаралған.