#qyzylordatv
Сала мамандары қазақ тілінде диктант жазды. Мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, азаматтардың жазу сауаттылығын жетілдіру мақсатындағы «Ұлттық диктант» жобасы республика көлемінде жүзеге асуда. Жоба «Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен ұйымдастырылды.
Жазба жұмысына облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттер және инспекциялардың қызметкерлері қатысты. Ал диктант мәтіні мен өткізу нұсқаулығы Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан дайындалған. Ұлттық диктант жобасының мәтіні ретінде Ахмет Байтұрсынұлының 1913 жылы «Қазақ» газетінде жарияланған «Оқу жайы» мақаласынан үзінді алынды.
РУСЛАН КАЮПОВ – ОБЛЫСТЫҚ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
//Бұл жоба халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде 5 қыркүйектен бастау алған болатын. Бүгін міне соның жалғасы ретінде біздің өңірімізде өтіп жатыр. Бұл жердегі басты мақсат қазақ тіліне деген құрметті арттыру және жазу сауаттылығын арттыру, тіл мәдениетін арттыру мақсатында ұйымдастырылып жатқан дүние. Бұл жерде ерекше айтып өту керек, мемлекеттік қызметкерлердің тілге деген құрметін арттырып және іс-құжаттарын жүргізуде мемлекеттік тілде жазу дағдыларын қайта дамытуға бір серпін беретін сондай бір көмек болатын жоба деп білеміз.//
Айта кетерлігі, жазба жұмысынан соң мемлекеттік қызметкерлердің білім деңгейі мен сауаттылығы бағаланбайды. Диктантты жазып болған соң, экранға мәтіннің түпнұсқасы шығарылып, қатысушылар жазған диктанттарын өздері тексеріп шықты. Ал экранда жұмысты бағалау критерийі көрсетілген.
ДАСТАН ДОСЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСРУСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ
Мемлекеттік тілді дамыту мақсатында ұйымдастырылып жатқан бұл жоба өте жақсы деңгейде өтті деп ойлаймын. Мектеп кезді еске алып, өзіміз балалық шаққа келгендей болдық. Осылай шаралар болып тұрғаны дұрыс деп санаймын.
Бізге түк қиындық тудырған жоқ. Себебі біз Қызылорда облысы, Қызылорда қаласында туып өскеннен кейін қазақ тілі ол күнделікті тіл. Біз орысшаға қарағанда қазақшаны көбірек сөйлесеміз. Көбірек пайдаланамыз.
Жазба жұмысынан соң арнайы статистикалық зерттеу жұмыстарына пайдалану үшін диктант парақтары жиналды. Сауаттылықты арттырумен қатар ой жинақтауға әсер ететін диктант жұмысы қызметкерлердің тіл байлығын дамыта түсуіне ықпал еткені анық.