#qyzylordatv

Елімізде соңғы жылдары инклюзивті білім беруді қажет ететін балалардың саны артып келеді. Бұл қоғамдағы ең өзекті мәселенің бірі. Қаладағы №9 мектеп-гимназиясында осы тақырып аясында облыстық тәжірибелік семинар өтті. Жиында ерекше топтағы балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдері таныстырылды және оларды ортаға бейімдеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.

Бүгінде елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 235 мыңнан астам бала бар. Олардың 9303-і біздің өңірде тұрады. Өкініштісі, өңірде жыл өткен сайын бұл балалардың саны артып келеді. Мәселенің алдын алу мақсатында білім беру ұйымдарында арнайы кабинеттер ашылып, жабдықталуда. Мәселен, Нағи Ілиясов атындағы мектеп-гимназиясына облыстық білім басқармасының қолдауымен 19 млн. теңге қаржы бөлініп, қажетті құрылғылар алынды.

Семинарға қатысушылар заманауи құралдармен жабдықталған кабинеттерді аралап көрді. Логопед, дефектологтардың жұмысымен танысып, тәжірибе алмасты. «Шекарасыз инклюзия» тақырыбындағы жиында әлеуметтік-коммуникативтік дамуы бұзылған балаларды инклюзивті ортаға енгізу тәсілдері туралы айтылды