#qyzylordatv

Облыс орталығында көрнекті ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик, мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есеновтың 100 жылдық мерейтойы қарсаңында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында ғалымның Қазақстан ғылымы мен мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесі туралы кеңінен айтылды.

Сыр өңірінде дүниеге келген Шахмардан Есенов – геология ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлға. Ол Қазақстанның табиғи байлықтарын зерттеу, тиімді пайдалану жолында бар ғұмырын арнады. Ғалымның жетекшілігімен алғаш рет масштабы 1:1 500 000 болатын Қазақстанның геологиялық картасы дайындалды. Ол пайдалы қазбаларды іздерде министрлік бекіткен нормалар мен нұсқаулықтарға сүйенбей, тың тәсілдер арқылы әрекет ете білген. Бертін келе оның әдістерін күллі Кеңес одағындағы басқа экспедиция мүшелері қолданысқа енгізеді.

Жиында ғалымның ғылымды дамыту жолындағы батыл бастамалары кеңінен айтылды. Ш.Есеновтің бастамасымен елде бұрғылау жұмыстарының көлемі шұғыл артып, бұрғылау техникасы да 5 есеге көбейтілді. Бұл өзі шығынның көптігіне байланысты өте тәуекелді қадам болса да қолданылған 100-ден астам бұрғылау агрегаттары Ш.Есенов бастаған геологтардың болжамдарын таңғажайып дәлдікпен растап шықты.

Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде мұнай - газ және пайдалы қазбаларды іздеу, барлау, өндіру бағыты бойынша бакалавриат, магистратура деңгейінде мамандар даярланады. Конференцияда кадрларды даярлау бағытындағы жұмыстар да айтылды.

Шахмардан Есенов – терең білімді тұлға болумен қатар, ұлттың ертеңін ойлап, шешім қабылдаған парасатты болмыс иесі. Жас та болса, ел ертеңі үшін атқарған істері осы сөздің айғағы. Деректерге назар аударсақ, 1961-65 жылдары 33 жастағы Шахмардан Есенов ҚазССР геология министрі болып тағайындалды. Осылайша ол Совет тарихындағы ең жас министр болып саналды.

Білікті ғалымның ел игілігі жолында атқарған жұмысы мен ізденістері ғылымның өркендей түсуіне жол ашты. Қайраткерлігі мен батыл шешімдері де, өзінен кейінгілерді ойлаған кеңпейіл мінезі де – ел есінде. Бұл туралы конференцияда сөз алған сала мамандары кеңінен айтты. Сондай-ақ, шарада мұнай-газ саласының дамуына үлес қосқан сала мамандары марапатталды.