#qyzylordatv
Өркениет көші ілгерілеген сайын кәсіптік және техникалық негізде білім беретін оқытушыларды түрлі интеллектуалдық жүйелер мен цифрлық платформаларды басқара білуге міндеттейді. Сондықтан заманауи технологияның күшімен жаңа жобаларды жасап шығаратын кәсіби кадрларды даярлау маңызды. Осыған байланысты Қызылорда медициналық жоғары колледжінде оқытушыларға жасанды интеллектіні тиімді пайдалану мен оның мүмкіндіктері жөнінде семинар-тренинг өтті.
Ә дегеннен-ақ айтқаныңды екі еткізбей, іздегеніңді ұсынатын жасанды интеллектінің алгоритмдері қай деңгейдегі болмасын студент пен мектеп оқушысының ыңғайына ойысып, ойындағы дүниені оңай тауып береді. Бұл жаңа әдіс оқимын, үйренем дегеннің ықыласына ынта, біліміне білім қосатыны айтпаса да белгілі. Бірақ, дайын асқа тік қасық сұғатын білім алушылардың қатары көбейіп кетпейді ме деген заңды сауал туындайды. Сондықтан жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін ең алдымен оқытушылар меңгеруі тиіс. Бұл заман талабы.
Оқытушылар үшін жасанды интеллекті уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, оның виртуалды алгоритімін пайдалана отырып, өзге қаладағы кез келген ғимараттың ішкі және сыртқы көрінісін смартфон арқылы көруге мүмкіндік алады. Мәселен, жас оқытушы Қылышбек Махмут семинарда Астана қаласындағы белгілі бір медициналық клиникаға виртуалды саяхатты ұйымдастырды.
Семинар барысында қатысушылар мұнан бөлек, жасанды интеллектіні сабақ барысында дұрыс қолдану, шығармашылық тапсырмаларға тиімді пайдалану турасында шеберлік сабақтарына қатысып, көмекші құралды артықшылығы мен кемшілігі жөнінде пікір алмасты.