#qyzylordatv

Кейде адамға деген ризашылық пен құрмет қымбат сыйлықтан асып түседі. Тазалықшы Әмина апай бүгін күтпеген жерден сондай құрметке ие болды. Еңбегін бағалаған бейтаныс қызылордалық оған домбыра сыйлапты.

Еңбек адамды ширатады. 62 жастағы Әмина Қосаеваның да қимылы өте ширақ. Ғұмырын шаһарымыздың тазалығымен байланыстырған жарқын жүзді жанды іздесеңіз, Батырхан Шөкенов саябағынан табасыз. Зейнетке шыққысы жоқ, ұжымының да оны жібергісі жоқ.

Марапаттан бөлек, Әмина апа тұрғындардың алғысын жиі естиді. Саябаққа келушілер тазалықшы апаның еңбегін осылай бағаласа керек. Жақында оған бәзбіреулер себепсіз гүл мен торт сыйласа, бүгін де ерекше сыйлықтың иегері болды.

Әмина апаның әріптестері де бүгінгі тосынсыйға шын қуанды.

Әмина апаның оқиғасы адал еңбек әрдайым еленетінін тағы бір дәлелдеді. Шынайылықпен, жан қалауымен атқарылған жұмыс қашан да құрметке лайық.