#qyzylordatv
Биыл көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының ірі өкілі Мұстафа Шоқайдың туғанына - 135 жыл. Осыған орай Қызылордада түркітанушы ғалымдардың басын қосқан халықаралық конференция ұйымдастырылды. Облыс әкімдігі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ұйытқы болған талқы алаңының тұздықты тұсын тілшіміз тарқатсын.
Мұстафа Шоқай бір рудың не бір ұлыстың сойылын соққан жоқ. Ол түбі бір түркі баласының бір арнаға тоғысуын тіледі. Әрі соңғы демі қалғанша сол мұратынан таймаған қайраткер. Сондықтан, Сыр төріндегі жиынға отандық ғалымдармен қатар, Түркия, Әзербайжан және Өзбекстан елінің тарихшылары құлшыныспен келіп отыр. Олар Мұстафа мұрасын ұлықтауда өз елдерінде атқарылып жатқан бастамаларды баяндап, жұмыла атқарар жобаларға тоқталды.
Жалпы, Мұстафа Шоқай көп қырлы тұлға. Оны тек саяси қайраткер деп қарау қисынсыз. Дегдар дипломат, білімдарлығы бір төбе. Сыр перзентінің әр қырын таразыласаң, том-том еңбекке жүк. Мұстафаның қайраткерлік қалыбын айқындайтын архив құжаттары да баршылық. Енді соны бір ізге түсіріп, француз, неміс тілінде жазылған еңбектерді сұрыптайтын ғылыми кеңес құру қажет. Конференцияда ғалымдар осындай маңызды бастама көтерді.
Жиында Мұстафаның қайраткерлік қалыбы мен Түркістан мемлекетін құру жолындағы күрескерлік еңбегін айғақтайтын бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. Бұл жыл көлемінде Мұстафатанушы ғалымдар жүргізген жүйелі жұмыс нәтижесі. Ізгі бастамаға біртуар азаматтың ұрпақтары да үлес қосқан.
Мұнан соң Мұстафа мұрасын зерттеуші ғалымдар ұлт перзентінің ата қонысы «Наршоқы» жеріне арнайы барып, баба рухына тағзым етті. Аталмыш мекенге осыдан екі жыл бұрын ұрпақтарының ұйытқы болуымен ескерткіш белгі қойылды. Тас тақтаның тұрқы бөлек. Салмағы 20 тоннадан асады. Бұл ұлт мақтанышын ұлықтаудың бір көрінісі.
Мұстафа - Сыр топырағында туып тұтас түркінің тұлғасына айналды. Бірақ оның кіндік қаны тамған жерге жету үшін жолсызбен жортуға тура келеді. Наршоқы Шиелiден 80 шақырым шалғайда жатыр. Қазіргі Сұлутөбе ауылынан да айтарлықтай алыс. Сондықтан барыс-келіс жолы реттелсе, талайлар тамашалайтын мекенге айналары анық.