#qyzylordatv
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Зекет және қайырымдылық» қоры көпбалалы, жалғызбасты ана Ақнұр Омароваға пәтер кілтін табыстады. Бұл «Ел үлесі – пәтерге» жобасы аясында еліміз бойынша мұқтаж отбасыларға берілген 869-шы баспана.
Қала тұрғыны Ақнұр Омарова бұған дейін бес баласымен бірге пәтер жалдап тұрыпты. Кішкентайларын қатарынан кем қылмай өсіріп, тәрбиелеп отырған жалғызбасты ананың басты арманы – баспана болатын. Бүгін міне, ол арманына жетіп, жаңа пәтерге қоныстанды. Игі шараға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеуімбетов қатысып, Ақнұрды қуанышымен құттықтады.
НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ, БАС МҮФТИ \екі бөлмелі пәтерді мұқтаж отбасыға табыстап отырмыз. Алла тағала құтты етсін. Қазақта керемет бата бар «іші жанға, сырты малға толсын» деген. Осы пәтер алып жатқан отбасылардың Алла тағала пәтерін құтты, берекелі етсін. Осы пәтерге қолдау білдірген әрбір жанға, дін қызметкерлеріне себепші болған Алла сауабын жеткізсін\
Иә, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, көмектесудің сауабы сансыз. Сондықтан пәтер иесі қолдау білдірген азаматтарға алғаусыз алғысын жеткізді.
АҚНҰР ОМАРОВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА \біздің неше жылдан бері армандап келе жатқан арманымызды осы кісілер орындап, баспаналы қылып жатыр. Осы уақытқа дейін пәтерде тұрып келдік. Өзім жалғызбасты анамын. Ерекше қызым бар. Осылар үшін деп әйтеуір өсіріп келе жатырмын. Қуанышымда шек жоқ. Үлкен үйіміз болса деп армандайтын балаларым...\
Мұнан бөлек «Зекет және қайырымдылық» қорының атынан жүз отбасыға азық-түлік себеті үлестірілді. Сондай-ақ «Өмірге үміт сыйла» жобасы аясында баласының еміне көмек сұрап келген ата-аналарға да қаржылай көмектесті.
Тағы бір игі бастама, қордың «Жылу сыйла» жобасы бойынша 9 үйге газ кіргізілді. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды қатты отынмен қамту жұмыстары да қолға алынуда.