#qyzylordatv
Ел Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевтың арнайы қатысуымен өмірімізге енетін цифрлық өзгерістерді жүзеге асыру барысына арналған актив отырысы өтті. Жолдау аясында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, ұлттық идеологияның бүгіні мен ертеңіне шолу жасалды.
Мемлекет басшысының бастауымен елде экономикалық әрі идеологиялық ахуалды оңалтуға әрі жаңартауға бағытталған енапат тірлік жасалуда. Біздегі әрісі Арал, берісі Қаратау етегіндегі елді мекендер де жаңғырған инфрақұрылымның, инженерлік жүйенің, заң мен тәртіптің игілігін көріп жатыр. Жиында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев соңғы жылдары теңізді өлкеге бұйырған мемлекеттік қолдаудың игіліктері мен бет бұрған инвесторлардың тірліктерін бір шолып өтті. Ал, Жаңақорған ауданы Қосүйеңкі ауылының әкімі Әлімхан Ақтаев елді мекенде экологиялық мәдениет қалыптасып, криминогендік ахуал жақсарып, тіпті десеңіз соңғы 5 жылда бірде бір қылмыс орын алмағанын, ауыл азаматтары алкогольдік ішімдіктен біржолата бас тартқанын хабардар етті. Әрине, әрбір істе ықылас пен ынта болса, оңды нәтиже болады. Қазіргі идеологияның мәнді тұстары:
Жаңа кезеңдегі мемлекетіміздің идеологиясы ең алдымен ұлт пен мемлекеттің түбегейлі құндылықтарына негізделетін идеология болмақ. Соның бірі Қазақстанның тарихына қатысты мыңдаған құжаттар жарияланып, ғылыми айналымға түсті. Серия-серия, том-том тарихи құжаттық жинақтар жарық көрді. Ел тарихы қайта жазылып жатыр. Идеология дегеніміз – саясат пен мәдениетті жалғайтын өмірлік өзек, табиғи арна.
Ал, Президент пәрмен беріп отырған цифрлық технология халықтың өмір сүру сапасын арттыратын құралға айналмақ. Басты мақсат – заң мен тәртіптің ортақ принципке айналуы. Еліміздің әр азаматының сөз бен іс жүзіндегі патриотизмі, бір-біріне қамқор болуға әзірлігі, қоғамның бірлігін, адами қадір-қасиетін сақтайтын құндылықтың үстемдік құруы, саясаттың басты міндеті – осы алғышарттарды жүзеге асыру, - деді Президент кеңесшісі.
Жиын барысында ел ағалары Сәпен Аңсатов, Нәжмәдин Мұсабаев, облыстық мәслихат депутаттары Аида Әбибуллаева, Әмір Шаймағамбетов өз пікірлерін ортаға салды, сауалдарын жолдап, жауап алды.
Президент кеңесшісі елдің күретамыры болар қағидаттарды атады. Тоқетері, мемлекет өз тарапынан әлеуетті көтеруге бағытталған көптеген тетіктерді іске қосты. Ал, оларға серпін беріп, қоғамның жоғын жоқтап, барын түгендейтін институтқа айналдыру – бәріміздің ортақ парызымыз.