#qyzylordatv
Қызылордада еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтардың болашағы талқыланды. Жоғары көпсалалы колледж базасында өткен семинарда жұмыс берушілер, оқытушылар және сарапшылар келешекте қандай мамандар сұранысқа ие болатынын талқылап, білім алушылардың бүгінгі тынысымен танысты.
Колледждің оқу базасында білім берушілер инновациялық оқыту құралдарын кеңінен қолданады. Мәселен, робототехника, компьютерлік сыныптар мен ақылды құрылғылар ұстаздардың жұмысын жеңілдетуде. Мәселен, мына Ақылай есімді құлтемір білім алушыларға күрделі пәндерді меңгеруге көмектеседі. Семинарға қатысушылар колледждің болашақ мамандарды даярлау саласындағы жетістіктерін оң бағалады.
IT технология өз алдына колледжде ұлттық құндылықтарды насихаттау да жолға қойылған.
Жиынға келген көпшілік колледждің оқу базасымен танысып болған соң, негізігі мәселеге көшті. Яғни, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлаудағы өзекті мәселелерді талқылады.
МАРЖАН БЕЙСЕНОВА - ҚЫЗЫЛОРДА ЖОҒАРЫ КӨПСАЛАЛЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ // Семинардың мақсаты – еңбек нарығында кәсіби-техникалық мамандықтардың өзектілігін айқындау, сұранысқа ие мамандықтар мен салалардың дамуының негізгі бағыттарын талдау, сондай-ақ заманауи еңбек нарығы талаптарына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлау кезінде дуальды оқыту жүйесінің тиімділігін арттыру жолдарын қарастыру. Біздің колледж дуальды оқыту жүйесін белсенді түрде қолдана отырып, білім алушылардың біліктілігі мен практикалық дағдыларын жетілдіруде. Ал бүгінгі семинар – осы бағыттағы іс-шаралар сериясының бірі болып табылады.
Бүгінде оқу орнын тәмамдаған түлектердің 80 пайызы мамандықтары бойынша жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта аймақтың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, IT және қызмет көрсету салаларының дамуына өз үлесін қосып келеді. Сондай-ақ, студенттердің «WorldSkills» чемпионаттарындағы жетістіктері оқу орнындағы білім берудің сапасы жоғары екенінің айқындап тұр.
Семинарға қатысушылар студенттерді даярлау мен жұмысқа орналастыру бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Ал, жиын соңында «Болашақ маманның бір күні» тақырыбында Workshop Vision өткізіп, қорытындысында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен «Қызылорда нан» серіктестігі арасында меморандум бекіді.