#qyzylordatv
Облыстық мәслихат депутаттары қалада жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Бюджеттен бөлінген қаржының тиімді игерілуін және құрылыс сапасын бақылап, жауапты мердігерлерге тапсырма жүктеді.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Мұрат Тлеумбетов бастаған депутаттар алдымен Президент саябағындағы қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Мұнда жылдың төрт мезгілінде үздіксіз жұмыс істейтін 300 орындық заманауи балалар тынығу лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы бой көтеруде. Сонымен қатар, аллея, субұрқақ, амфитеатр, балаларға арналған ойын және спорт алаңы, вело және жүгіру жолақтары, сахна салынбақ. Бұл жұмыстардың барлығы келесі жылдың наурыз айына дейін аяқталмақ.