#qyzylordatv
Қызылордада ғалым-публицист Қали Омаровтың «Парызға адалдық» кітабының тұсаукесері өтті. Танымдық кеште қаламгердің азаматтық болмысы мен шығармашылығы туралы сөз болды.
«Парызға адалдық». Жаңа жаңа жинақта Қазақстан Жазушылар одағы және Журналистер одағының мүшесі, тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі Қали Әбдіұлының ғылыми зерттеулері, танымдық мақалалары мен публицистикалық жазбалары топтастырылған. Ұлттық құндылықтар – тіл, діл, тарих, патриотизм мәселелері кеңінен қамтылып, тұлғатану мен отандық тарих саласына қызығушылық танытатын оқырмандарға арналған мазмұнды материалдар ұсынылған. Сонымен қатар, автор туралы әр жылдары жазылған рухани ағалары, достары мен әріптестерінің ой-пікірлері мен лебіздері енгізілген. Тұсаукесер рәсімінен бұрын танымдық кешке қатысшуыларға «Ұлт руханиятының жанашыры» атты кітап көрмесі таныстырылды.
СЕРІКБАЙ ҚОШҚАРОВ – ТЕХНИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
Уақыт өтеді. Бүгінгі күн өтеді. Ертең келеді. Соған азамат ертеңім қалай болады ау деп ойлану керек. Ол ертең қайдан келеді? Ертеңнің болашағы, келешегі қайдан шығады? Ол кешегіден шығады.Кеше қалай болды? Кешегі жағдай қалай болды? Кешегі өмір қандай еді? Соның жақсы жағы қалай, көлеңкелі жағы қалай? Соны екшеліп, таразылап қана бүгінгімен қосып, ертеңіңді болжауға болатын шығар деп ойлаймын. Меніңше, осы кітаптың басты мән-мағынасы осында.
Бүгін ол Қорқыт ата атындағы университеттің белді ғалымы, белді азаматы, бірақ сол жұмыста жүрсе де сондай тыңғылықты, үлкен, терең мағыналы кітап жазыпты. Біз соған ризамыз. Әрдайым сол қазақ елі болашағына қызмет жасай берсе екен дейміз. Жақсылық, аман-есендік тілейміз.
ҒАБИТ ТҰЯҚБАЕВ – ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
Жалпы кітаптың атауының өзі автордың ішкі идеясын білдіреді. Елдің, халықтың, ұлттың алдындағы парыз, туған топырақтың алдындағы парыз, ата-ананың алдындағы парыз.Кітапта негізінен ғылыми зерттеулер, тарихи зерттеулер, әдеби зерттеулер, публицистикалық мақалалар, көркем публицистикадан портреттік очерктер жинақталған. Бұлардың барлығы, айналып келген кезде, қаламгердің бір өзінің қаламгерлік шеберлігін көрсететін дүниелер.
Қали Омаров – тарихи тұлғалардың өмірі мен азаматтық істерін зерттеп, Сыр өңірі руханияты туралы еңбектерді жарыққа шығарып жүрген өлкетанушы. Ғалым-публицистің 1 монографиясы, 11 кітабы, 16 ғылыми, оқу-әдістемелік құралы мен ұсынымдары жарық көріп, 570-тей ғылыми, танымдық және публицистикалық мақалалары, очерктері мен эсселері газеттерде, ғылыми жинақтарда, энциклопедияларда жарияланған. Сонымен қатар, 15 кітаптың құрастырушысы, 85 кітап пен ғылыми жинақты саралаған білікті редактор. Республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырылған 6 ғылыми жобаның орындаушысы.