#qyzylordatv

Алматыдан арнайы шақыртылған аритмолог дәрігер Қанат Алдабергенұлы Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасында болып, шеберлік сабағын өткізді. Дәріс барысында «Ангиограф» деп аталатын шетелдік аппаратты пайдалану арқылы жеті науқастың жүрек қан-тамырларына ота жасалды. Бұл еліміз бойынша аудандық деңгейде жаңа технологияның көмегімен МӘМС жүйесі аясында жасалған алғашқы операция.

ДӘУЛЕТ САҒИТ – ТІЛШІ //Біз дәл қазір Қазалы аудандық орталық ауруханасының ота жасау бөлмесінде тұрмыз. Мұнда дәрігерлер ангиограф аппаратының көмегімен алғаш рет науқастың жүрек қан-тамырларына ота жасау үстінде. Білікті мамандар шетелдік технологияны меңгеру арқылы жүрек соғысының ырғақсыздығын емдеудегі жаңа мүмкіндіктерді қолдануда. Мамандардың айтуынша, мұндай дертке көбіне егде жастағы кісілер шалдығады екен. Яғни, алғашында адамның жүрек аймағында шаншу, ауа жетіспеушілік, суық тер мен жүректің айнуы байқалады. Сондықтан дәл осындай белгілер байқалған бойда дереу дәрігерлік тексеруден өткен абзал.//

Қанат Алдабергенұлы Алматы қаласындағы №7 қалалық клиникалық ауруханасының интервенциялық аритмолог дәрігері. Білікті маман ем-домның жаңа әдіс-тәсілдерін көрсетуге келген. Себебі, соңғы уақытта жүрек ырғағының бұзылуы диагнозы қойылған қазалылықтардың саны артып барады. «Жүрегім дүрсілдейді» деген сөз романтикалық тұрғыдан өте әсерлі естілуі мүмкін. Алайда дәрігерлер үшін жүректің тарсылдауы, қағысының бұзылуы шұғыл емдеуді қажет ететін симптомдардың бірі. Ол, әсіресе, 45 жастан асқан адамдарда жиі кездеседі.

ҚАНАТ АЛДАБЕРГЕНҰЛЫ – АРИТМОЛОГ ДӘРІГЕР // Жүрек соғысының бұзылуы қазіргі таңда жиі кездесіп жатыр. Ол науқастар болашақта жүрек жетіспеушілігіне алып келеді. Сондай-ақ, жүрек қан тамырларына алып келеді. Сондықтан мұндай ауруларды дер кезінде анықтап, ем-шара қолданып, егер емге көнбегендерді операция түрімен емдеу керек. Өздеріңіз де куә болдыңыздар алғашқы рет операция жасау арқылы науқасымыздың жүрек соғысын толықтай қалпына келтірдік. Бұл оталар МӘМС жүйесімен тегін жасалады. Барлық науқасқа өте қолжетімді. Бұрын мұндай диагноздар 55-60 жастан асқан адамдарда жиі кездесетін. Қазір өмір салтының өзгеруіне байланысты артық салмақ, қан қысымды дұрыс қадағаламауына байланысты науқастар жасарып жатыр қазір. //

 Дәрігердің айтуынша, аурудың басты себебі – қан қысымының тұрақсыздығы мен жүректің ишемиялық аурулары. Сонымен қатар, қалқанша бездің қызметі бұзылғанда немесе организмде метаболикалық өзгерістер болғанда дәл осы ауруға әкеп соғуы мүмкін. Жүрек аритмиясының асқынуы науқасты инсультке алып келеді. Ал, оны асқындырмау үшін жасалатын ең тиімді ота жүректің криоаблациясы, дейді мамандар.

 КЕНЕСАРЫ БАСПАЕВ – АУДАНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ // Бұл дертпен бізде пациенттер өте көп. Осыған дейін науқастар дәрі ішіп, болмаса үлкен қалаларда яғни, Алматы, Астана немесе Қызылорда қаласына барып, портал арқылы баратын еді. Енді біз осы науқастарымызды тұрақты түрде осында ота жасалады деп жоспарп жатырмыз. Көбіне, адамдарда жүрек ырғағының бұзылуы кезінде ентігу пайда болып, ол асқынып кетсе инсультке әкеп соқтыруы мүмкін. Мұндай отадан кейін науқастарымызда инсулть алу қаупі төмендейді және жүрек соғысы қалпына келіп, ентігу белгілері азаяды. Жалпы науқастың жағдайы жақсарады.//

 Жаңа әдістің дәстүрлі отадан артықшылығы кеудеге пышақ тимейді. Яғни, тамырға түтікше кіргізу арқылы тарылған жерін кеңейтеді, бітелген жерін тазартады. Ал дәрігер жұмысын мониторға қарап бақылайды. Соның арқасында науқас тез қалпына келеді әрі ауырсынуды қатты сезбейді.

 КЕҢЕС САЛМАҒАМБЕТОВ – ӘЙТЕКЕ БИ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ //4-5 жыл болды жүрегімнің ауырып жүргеніне. Давлением көтеріліп, жүрегімнің соғысы әлсірейтін. Алматыдан келген және осындағы білікті мамандардың арқасында жүрегіме жасалған ота сәтті шықты. Дәрігерлерге үлкен рақмет, мың алғыс.//

 ҮРЗАДА ӘБДІМӘЛІКҚЫЗЫ – ӨРКЕНДЕУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНЫ //Осыдан бір ай бұрын ауылға тексеру келіп, сонда ЭКГ-ге түскенде мамандар жүрегің әлсіз соғып тұр деген. Сонымен осы ауруханаға келіп, толық тексерістен өткенде дәрігерлер жүрегіңнің соғуы әлсіз деп айтты. Сонымен осы Алматыдан келген мамандар ота жасады. Аллаға шүкір ота сәтті өтті. Қазір жақсымын. Рақмет барлығына.//

 Мамандардың айтуынша, мұндай шеберлік сабақтары медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, жаңа технологияларды игеруге мүмкіндік береді.

Науқас отадан кейін бірнеше сағат дәрігердің бақылауында болады. Содан кейін ғана жеке палатаға шығарылады. Жалпы, жыл басынан бері әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан Қазалы аудандық көпбейінді орталық ауруханасына 7,6 млрд теңге қаржы бөлінген.