#qyzylordatv
Аграрлық аймақ саналатын Сыр өңірі үшін биылғы жыл оңай болған жоқ. Аяқ судың аздығынан негізгі дақыл күріш көлемі 4,7 мың гектарға қысқартылды. Дегенмен, өңірде егісті әртараптандыру, агроөнеркәсіп кешенін құру жұмыстары қолға алынуда. Атап айтсақ, құны 40 млрд теңге болатын жүгеріні терең өндеуге бағытталған Қызылорда крахмал-сірне зауыты жобасы жүзеге асады.
Крахмал-сірне зауыты Сырдария ауданында салынады. Қазіргі күні 35 гектар жер беріліп, тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба 2025-2029 жылдарға арналған. Бірінші кептіру кешенінің құрылысы салынса, екінші кезеңде жүгеріні терең өңдейтін зауыт іске қосылады.
Өндіріс орнының ашылуы шаруалардың егісті әртараптандырып, жүгері дақылы көлемін арттыруға өз септігін тигізеді. Әртараптандыру бағытындағы тағы бір ірі жоба - швейцариялық «Харвест Груп» компаниясы 21 мың гектар жерге қарасора, жүгері және соя дақылын өсіріп, агроиндустриялық кластер құрмақ.
Үкіметпен бекітілген Жол картасына сәйкес келесі жылы облыс бойынша күріш көлемін 77 мың 700 гектарға оңтайландыру жоспарлануда.
Иә, су мәселесі өте өзекті, жағдай күрделі. Сондықтан күріш көлемі кезең кезеңімен қысқартылып, суды аз тұтынатын дақылдарға басымдық беріледі.