#qyzylordatv
Өңірде жұмысшы мамандық иелеріне құрмет көрсетуге арналған «Еңбегі жанған арулар» атты қорытынды шара өтті. Бұл іс-шараны облыс әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мен облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
«Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өткізілген шараның мақсаты – қоғамдағы адал еңбектің маңызын дәріптеу және ауыр, жауапты жұмыс атқарып жүрген әйелдерді қолдау. Жиында кран жүргізуші, сылақшы, көлік жөндеуші, балықшы, аспаз сияқты түрлі салада еңбек етіп жүрген 70-тен аса әйел бас қосты. Солардың ішінде үздік шыққан 16 қыз-келіншекке алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды.
Гүлжамила Елеуова 35 жылдан бері Қазалы тепловоз жөндеу зауытында еңбек етсе, құрылысшы Жанат Дуршеева ширек ғасырдан бері құрылыстың қыр-сырына қанығып келеді. Нәзік жандар мерейлі шарада марапат мінберінен көрінді.
Марапаттау рәсімінен кейін қатысушылар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды. Кеш көтеріңкі көңіл-күймен аяқталып, еңбекті сүйген жандардың мерейі тасыды. Бұл жұмысшы мамандық иелеріне деген құрметтің шынайы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.