#qyzylordatv #адалазамат
Жалпыұлттық құндылықтарға негізделген «Адал азамат» идеологиясын жүзеге асыру мақсатында жас мемлекеттік қызметшілер арасында облыстық пікір-сайыс турнирі болды. «Мемлекеттік қызмет – абыройлы міндет» тақырыбында өткен дебатқа 11 команда қатысты.
Мемлекеттік қызметкердің басты міндеті – елмен етене жұмыс істеп, халыққа адал әрі сапалы қызмет көрсету. Сондықтан мемлекеттік қызметші көшбасшылық қасиетке ие, іскер әрі жаңашыл бастамаларды жүзеге асыра алатын бірегей тұлға болуы тиіс. Облыстық пікірсайыс турнирі жас мамандардың бойына осындай қасиеттерді қалыптастырып, көпшілік алдында еркін сөйлеуге, ойын нақты әрі жылдам жеткізуге үйретеді.
Пікірсайыс парламенттік форматта өрбіді. Қатысушылар мемлекеттік қызметті цифрландыру, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау және жұмысты біріздендіру секілді тақырыпта пікір таластырды. Төреші дебатқа қатысушылардың кәсіби шеберлігіне, тақырыптың толық ашылуына және өзекті мәселелерді жеткізе білуіне ден қойды.
Сайыс қорытындысында ұтымды сөз, ұшқыр ойымен қазылар алқасының көңілінен шыққан қала әкімдігінің «BeSmart» командасы турнир жеңімпазы атанды. Ал, Дін істері басқармасының «Рухтастар» командасы екінші, облыстық сот әкімшілігінен келген «Сот билігі» командасы үшінші орынға ие болды.
Сайыс жеңімпаздары арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.