#qyzylordatv
Ізінен ізгілік ерген театр тарланы. Бұл тіркес Сыр сахнагерлерінің жолбасшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хұсейін Жүсіпұлына арналған. Ұлы өнердің уығын ұстап, жүгін көтерген жан биыл 85 жасқа толды. Осыған орай облыстық Нартай Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театрының ұжымы «Сахнаға арналған ғұмыр» атты керемет кеш сыйлады.
Хұсейін Әмір-Темір театр тыныстас тарлан тұлға. Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Асқар Тоқпановтан тәлім алған талантты жас алғашында сахнаға шығып, жиырмаға жуық рөл сомдаған. Мұнан соң өзі де талай таланттың томағасын сыпырған көреген режиссерге айналды. Осы салада жарты ғасырдан астам еңбек етіп, 200-ден астам спектакльді көрермен назарына ұсынған.
Режиссер құрметіне арналған мерейлі кеште мерейтой иесінің шыңдалған шәкірттері дәстүрлі өрнек пен заманауи стильді үйлестіріп, шынайы өнерпазға тән еркіндік рухын сездірді.
Хұсейін Әмір-Темір облыстық театрдың бет-бейнесі. Әрбір қойылымда оның қолтаңбасы анық байқалып тұрады. Енді қазыналы қария прозалық шығармаларымен де оқырманның ойына нәр беріп жүр. Бүгінге дейін 10-нан астам жинақты жұртшылыққа ұсынып үлгерді. Жуырда тағы «режиссер жазбалары» атты кітабының тұсауы кесілді. Аталмыш жинақ өнер жолына қадам басқан жас актерлер мен режиссерлерге жолбағдар болар әдістемелік еңбек.
Осылайша, пайым-парасаты мен өмірлік философиясы айқын өнер жанашыры қазыналы қарттыққа өнегемен жетті. Тоқтаусыз өнердің тамырын басып, ізінен ізгілік ерген жанның әлі де жұртшылыққа берері мол.