#qyzylordatv
Өңірге жұмыс сапарымен келген еліміздің еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар жұмысымен танысты.
Мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеу маңызды мәселе. Оның ішінде балғындардың бабын табудың жөні бөлек. Талсуаттағы арнаулы орталық осы мақсатта ашылған. Заманауи нысан 2012 жылы пайдалануға берілді. Содан бері 2 мыңнан астам жеткіншек еркін өмірге қадам басқан. Қазір мұнда 117 балаға 7 бағыт бойынша сауықтыру шаралары жүргізілуде. Сондай-ақ, оларды ата-анасынан алыстатпай үй жағдайында оңалту тетігі де қарастырылып отыр.
АИДА ИСАБЕКОВА – «ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ САЛАСЫН ДАМЫТУ» ҰҒО ФИЛИАЛ ДИРЕКТОРЫ
"Пилоттық жоба ретінде мүгедектігі бар балғындарды үй жағдайында оңалту бастамасын өткен жылдың тамыз айында қолға алдық. Ол үшін 80-нен астам инновациялық құралдар сатып алынды. Бұл бастама нәтижесіз емес, бүгінде қолданылған әдістеме 68 балаға оң ықпалын көрсетіп үлгерді. Сондықтан, жоба аясын кеңейтуді көздеп отырмыз."
Жеткіншектердің жанарында үміт бар. Олар өмірге ғашық. Тек тұйық әлемде тұмшаланып қалмаулары үшін емдеу-сауықтыру шараларын дер кезінде жүргізу маңызды. Бұл ретте Сыр өңірінде байырқалы бастамалар баршылық. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай арнаулы орталық жұмысымен жіті танысып, мұндағы тың жобаларды оң бағалады.
ВИКТОРИЯ ШЕГАЙ – ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
"Сауықтыру жобалары әсіресе ата-аналар үшін маңызды. Біз мүгедектігі бар балалардың барлығына мүмкіндігінше емдеу-сауықтыру шараларын ақысыз жүргізуді мақсат етіп отырмыз. Әрі ол нәтиже көрсететіндей сапалы әдістеме арқылы болғаны жөн. Бұл ретте Қызылорда облысында енгізілген мүгедектігі бар балғындарды үй жағдайында оңалту жобасы көңілімізден шықты. Енді осындай тиімді әдістемені өзге өңірлерде де қолға алмақпыз."
Мұнан соң әлеуметтік сала вице-министрі Талсуаттағы оңалту орталығының жұмысымен танысты. Мұнда бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар жандарға, сондай-ақ, егде жастағы зейнеткерлерге арнаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгінде мұнда 150 адам ем-дом шараларынан өтуде.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі мұнан соң №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған орталық жұмысымен танысты. Сондай-ақ, өңір тұрғындарымен жүздесіп, саладағы қордаланған мәселелердің түйінін тарқату көзделіп отыр.