Бүгін облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингін өткізді. Нұрлыбек Нәлібаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша хабарлама жасап, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Тілшіміз Асқар Тәжиевтің бейнематериалында толығырақ.
АСҚАР ТӘЖИЕВ – ТІЛШІ
"Астана. Орталық коммуникациялар қызметі. Елорда төрінде журналистермен жүздескен облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елдің ертеңін екшей сөйлеп, Сыр өңірінің бүгінгі тынысын таразылады. Сөзі салмақты. Алдағы үш жылда экономиканы әртараптандыру бағытында құны 3 триллион теңгеге татитын 98 жоба іске қосылмақ. Бұл – қағаздағы құр уәде емес, маңдай термен келетін ырыс. 12 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады. Яки 12 мың тағдырға үміт оты жағылады."
Міндеті биік мінберде Нұрлыбек Машбекұлы Сыр өңіріне серпін берген соны жаңалықтарымен бөлісті. Соның маңыздысы бюджет жайы. Және бюджет – қағаздағы сан емес, елдің тынысы екенін жеткізді.
НҰРЛЫБЕК НӘЛІБАЕВ – ОБЛЫС ӘКІМІ
"Ағымдағы жылдың 11 ай қорытындысымен барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. 100 млрд. теңгені құрады. Жыл қорытындысымен 3 трлн. 700 млрд. теңгеге жеткізіп, 6,5 пайыздық өсім қамтамасыз етіледі. Облысымыздың бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгені құрап, 2021 жылдан бері 246 пайызға өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Даму бюджетінің көлемі 2021 жылы 47 млрд. теңге болса, биыл 207 млрд. теңгеге жетіп, 4,4 есеге артты. Биыл облысымызға 631 млрд. 400 млн. теңге инвестиция тарту жоспарланған. 11 айдың қорытындысымен 717 млрд. 900 млн. теңге инвестиция тартылып, жоспар 13,7 пайызға артығымен орындалды. Жыл қорытындысымен 750 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады."
Иә шынында, жол жөндеу, мектеп пен аурухана салу бәрі де сол қазынаға тікелей байланысты. Бюджет әлсіз болса, жоспар да қағаз күйінде қалады. Сондықтан қаржы қазандығы – елдің ертеңіне арналған аманат. Оны орнымен жұмсау – жауапкершілік, әділ бөлу – адамгершілік. Халықтың ақшасы халықтың қажетіне жараса ғана бюджет тірі, мемлекет мығым болмақ.
Облыс әкімі өз хабарламасында кәсіпкерлік, инвестиция тарту, жұмыспен қамту, энергетика, коммуналдық шаруашылық саласы, инфрақұрылым, құрылыс бағытын да қамтып өтті.
Мұнан бөлек, 753 млрд теңгені құрайтын 14 ірі жобаның құрылысы басталуда. Ауқымды жобалар қатары былайша жалғаса береді....
Облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамту мәселесі оң шешімін тапты. Бұл мақсатқа 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 41 елді мекенде әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға бағытталған 15 млрд теңгеге 66 жоба жүзеге асырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биыл барлық елді мекендер 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Аймақта 2022-2025 жылдар аралығында 65 млрд теңгеге 77 жоба жүзеге асырылып, газдандыру көрсеткіші 83 пайызға жетті.
Биыл жол инфрақұрылымын дамытуға бөлінген қаржы да қомақты. Жоспар да жетерлік. Соның маңыздысы – Қызылорда мен Ақтөбені байланыстыратын күре жол.
Өңірде биыл 189 мың 600 гектарға егін егілді. Оның 80 мың 900 гектары күріш. Сыр салысының әр гектарынан 58,1 центнерден өнімжиналып, қамбаға 470 мың тоннаға жуық астық құйылды. Диқандар күріш егістігінің 60 мың гектарын лазерлік тегістеуден өткізіп, өнімділікті 30 пайызға арттырды.Су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артты.
Облыс әкіміне қойылған сауал да аз болмады. Жетпіске тарта журналист көзбе-көз, жазбаша тіпті бейнебайланыс жүйесінде көкейдегі сұрақтарын қойды. Соның бірі - қала аумағында тынығу лагерін салу.
Өзекті мәселенің бірі - қала маңындағы саяжайлардың жайы. Тұрғындардың талабы инфрақұрылым мәселесін шешу болатын. Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды екенін алға тартты. Облыс әкімі аймақта көптен бері көтеріліп келе жатқан жеке мектептер мәселесіне де нүкте қойды.
АСҚАР ТӘЖИЕВ – ТІЛШІ
"Аймақ басшысы атқарылған істерді аттап өтпей, алда тұрған міндеттерді де бүкпесіз айтты. Өрелі ой, өжет жоспар. Брифинг – баян емес, жауапкершілік мінбері болды. Сөз соңында әкім бұқаралық ақпарат құралы өкілдерінің сауалына тайсалмай жауап берді. Ең бастысы, елдің сұрағын естіді, көптің көкейіндегісін сезді. Сөзінің өзегінде – жауапкершілік, айтылған уәденің ар жағында уақыт пен талаптың салмағы сезілгендей."