#qyzylordatv

Қала іргесіндегі кент және елді мекендерде кәсіпкерлердің үлесі артуда. Ауылдағы бизнесті қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы арқылы несие алып, кәсіптің көзін тапқан жандар қатары көбейіп келеді.. Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов кәсіпкерлермен кездесіп, өндіріс орындарының жұмысымен танысып қайтты. Тақырыпты әріптесім Елдос Асан тарқатады.

ЕЛДОС АСАН – ТІЛШІ: / Қызылордада кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып, жаңа мүмкіндіктер көкжиегі кеңейіп келеді. Мәселен, жуырда ғана шағын-өнеркәсіптік аймақты құру жобасы аясында «Тұмар» өндірістік орталығы ашылды. Бұл орталық бүгінде шағын және орта бизнестің тиімді алаңына айналып отыр. Қазіргі таңда мұнда 8 кәсіпкер кәсібін өркендетіп, өнім өндіру мен қызмет көрсету бағытында табысты жұмыс жүргізуде.

Солардың бірі – Жібек Мұхимова. Мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын цех ашқан. Қазір сүт өнімдерін шығарып жатыр. Оны қала мен аудандардағы сауда сөрелеріне жіберуде. Ал, келешекте республикалық масштабты қамтуды көздеп отыр. Ол үшін мамандарды машықтандырып, жұмыс күшін көбейту маңызды. Бұл ретте бизнесті дамытуға арналған өндірістік орталық кәсіпкерлерге мол мүмкіндік берді дейді.

 ЖІБЕК МҰХИМОВА – КӘСІПКЕР // Бізде қазір 5 бағыт бойынша дайындалып жатыр. Ол қатық, түрік айраны, қаймақ, творог, балаларға арналған иогурт. Осы өнімдер объемда дайындалып, күнделікті 2 тонна сүт өндіруге дайын осы цех. Алдағы жоспар 1 уақыттық ауысымды екі ауысымға ауыстыру. Күндізгі және түңгі. Сондай деңгейге жеткізіп, өнімнің санын көбейту //

 Аталған орталықта мұнан бөлек, кондитерлік және жартылай дайын өнім цехы, шұжық, нан өнімдерін дайындайтын өндіріс орындары жұмыс істейді. Бизнес бастағандардың дені орталықтан арнайы орындарды жалға алып отыр. Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов бұл бағыттағы жұмыстарға оң бағасын беріп, шағын цехтарды дамытудың маңызды екенін жеткізді.

Қалада заман талабына сай жиһаз дайындау ісі де қарқын алып келеді. Бұл ретте кәсіпкер Тасбөгет кентінің тұрғыны Бауыржан Сәрсенбаевтың жұмысы қызып тұр. Ол «Ауыл аманты» жобасы арқылы 7 млн. теңге қаржы алып, цехты қажетті құрал-жабдықпен қамтыған. Содан бері тапсырыс көлемі артып, жұмыс қарқыны күшейіпті. Қазір мұнда 6 адам жұмыс істейді.

БАУЫРЖАН СӘРСЕНБАЕВ – КӘСІПКЕР // Сұраныс шүкір, бұйырғанын жасап жатырмыз. Енді айына 10-15 млн.шамасында заказ қабылдаймыз. // Тапсырыстар өзіміздің облыстан бөлек Алматы қаласынан да болады. Өйткені осы Қызылорда халқы Алматыдан үй алады, ол жақта өзіміздің адамдар жасасын деп бізді шақырып жатады. // Жиһаздың көлеміне қарай аламыз. Мысалы толық бір үй болса 40-60 күнде аламыз. Ал жағыз жиһаздарды 25-30 күн шамасында.

 Ал, Белкөл кентінің тұрғыны Мөлдір Раманқұлова жартылай дайын өнімдер шығаруда. Өндірісті жолға қойған ол биылғы жылы «Ауыл аманат» жобасы арқылы жеңілдетілген несие алып, қажетті құрал-жабдығын түгендеген. Қазір кәсіпкер 4 адамды тұрақты жұмысқа алған. Жалпы, Белкөл кентінде «Ауыл аманаты» жобасының иігілігін көріп отырған кәсіпкердің қатары артып келеді. Оның дені қаржысын мал шаруашылығына бағыттапты. Сондай-ақ, өндіріске бет бұрғандар да бар.

Қалаға қарасты кент пен ауылдарда мұнан өзге де бизнес түрлері бастау алуда. Жалпы келер жылы «Ауыл аманат» жобасы арқылы облыста бірқатар жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, ауыл тұрғындарының табысын арттыру жоспарлануда.