#qyzylordatv
Кеңес Одағының Батыры Жәлел Қизатовтың 105 жылдығы және Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай шығарылған «Батыр.Қаламгер.Қайраткер» кітабының тұсаукесері өтті. Жиынға зиялы қауым өкілдері, профессор оқытушылар мен білім алушылар, батырдың ұрпақтары қатысты.
Жәлел Қизатов – Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысып, соғыстағы ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атанып, «Ленин», «Отан» соғысы ордендерімен, бірнеше әскери медальмен марапатталған.
Бейбіт өмірде де ел дамуына елеулі үлес қосып, батыл мінезі және әділдігімен ерекшеленді. КСРО Жоғары Кеңесіне 2 мәрте депутат болып сайланған. Жоғары Кеңес депутаты ретінде Жәлел Қизатов Арал экологиялық апатын жалпы мемлекеттік деңгейге көтерді, Ауған соғысы және Чернобыль апатына қатысушылардың мүддесін қорғады. Өнегелі істерімен өшпес із қалдырған тұлға бірнеше өлең, әңгіме, поэма және повестер жинағының авторы. Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов облыс әкімінің лебізін жеткізді. Профессор-оқытушылар жаңа жинақтың ерекшелігіне тоқталып, Жәлел Қизатовтың өмірі мен еңбегі жайлы мазмұнды ойларымен бөлісті.
ТҰРҒАНБАЙ МАХАНОВ – МЕДИЦИНА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ//Жәкеңменен танысқаным сол 70 жылдардың ортасында. Жәкең өндіріске бастық болып келді бізге. Сонда әр жерде жиналыстарды көріп жүрдім. Ал енді бұл кісі жан-жақты адам. Геройлығы өз алдына. Бұл кісі поэзияға да жақын. Сыр ақындарының өлеңін жатқа біледі екен. Әңгімешіл адам. Жан-жақты адам. Солтүстік Қазақстаннан келді бұл кісі бізге. Элеваторды сол кісі салдырған болатын. Міні сол жерде элеваторымыз күні-түні жұмыс істеп тұрды ғой егемендік алғанға дейін. Бұл кісінің Қызылордаға сіңірген еңбегі өте зор деп айтуға болады.//
ГУЛЯ ҚИЗАТОВА – Ж.ҚИЗАТОВТЫҢ ҚЫЗЫ
//Университеттің ұжымы, ректоры, университеттің ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Қалиев және Қали Омаров үлкен жұмыс атқарды. Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарының, сондай-ақ Беларусь пен Ресей архивтерімен жұмыс жасадық. Облыстық кітапханалардан материалдар жинады. Жәлел Қизатов «Өмір мен өлім», «Өмір өткелдері», «Шарболат» атты кітаптар жазған. Қазіргі таңда бұл еңбектерін ғалымдар зерттеп, талдау жасап жатыр. Оның шығармашылығына мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері қызығушылық танытып, зерттеп жүр. Демек, бұл кітаптар жастар арасында қызығушылық тудырып отыр.//
Жиында филология ғылымдарының кандидаты Гүлнар Жалелова Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Үздік түлек» медалімен марапатталды.Атап өту керек, жинақ облыс әкімінің қолдауымен жарық көрді. Кітапты Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің бас редакторы Қали Омаров құрастырды. Жинаққа Жәлел Қизатовтың майдан даласындағы ерліктері, бейбіт өмірдегі елі үшін еткен игілікті істері, ізгі болмысы мен адами қасиеттері туралы туралы баспасөз беттерінде жарияланған мақалалар топтастырылған.