#qyzylordatv
Қаланың Сабалақ елді мекеніндегі «Орда скул» жеке білім ошағы бұдан былай №297 орта мектеп болып қайта құрылып, мемлекеттік статус алмақ. Елге белгілі азамат, қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы осы ұсынысын былтыр жергілікті атқарушы билікке жеткізген еді, бұл шешім күні бүгін қолдау тапты. Жалпы, облыстың білім саласына аз ақша бөлініп отырған жоқ. Ол қаншалықты тиімді жұмсалуда? Қаралған қаражаттың бағытына қатысты да тілшіміз аз-кем тоқталсын.
Білім алам деген балаға бүгінде барлық оқу ошағы құшағын айқара ашып отыр. Әлеуметтік мемлекеттің әлеуеті ең әуелі осы білім, денсаулыққа бағытталатыны заңдылық. 851 млрд теңгеден асатын облыс бюджетінің 56 пайызы иә, сол әлеуметтік салаға бөлінеді. Соңғы 3 жылда білім саласына 812 млрд теңгеден астам қаражат құйылды. Биылдың өзінде бөлінген сома 346 млрд-тан асып түсті. Аз ақша емес! Ең бастысы, сол қаржының мақсатты жұмсалуында. Ғасе бақылау жүйесі енгізілгелі балабақшаларда жалған деректің 19263-і анықталды. Соның нәтижесінде мемлекеттің 28 млрд-тан астам қаржысы үнемделді. Мемлекеттік тапсырысты реттеу функциясы жергілікті атқарушы органдарға берілгелі бұрынғыдай «приписка» жасап, ауадан ақша жасау келмеске кетті. Мектептердің де кадр һәм есеп-қисабының етек-жеңі жиналды, 0,5 жүктемемен жүздеген адамды жүргізу тыйылды. Сынып жиынтықтары сараланды. Шығыстары шотқа салынды.
Соңғы жылдары жергілікті кәсіпкерлер меценаттық тірлігімен, дархан пейілімен елді қуантып жүр. Осылайша бар салмақты бюджетке сала бермей, бір жағынан болысып, кем-кетікті толтырып жүр.
Бүгінде баланың былдыры мен ойыншықтың сылдыры естілетін шаңырақтың қатары қалың, демография көрсеткіші жақсы. Оқушылардың саны 189288-ді құрап отыр. Қанша мектеп салынса да, сұраныс арта бермек. Мектеп демекші, осыдан 15 жыл бұрын мемлекеттік және жекеменшік әріптестік бастау алған шақта тәуекелге бел буып, жеке мектеп ашқандардың қатарында жерлесіміз Мұрат Бақтиярұлы да бар еді. Бүгінде ол ашқан Орда скул білім беру ошағының саны 4-ке жетті. Енді соның бірі, яғни Сабалақ елді мекеніндегісі мемлекет меншігіне өтпек
Меценат Мұрат Бақтиярұлы мен облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов меморандумға қол қойып, екіжақты келісімді бекітті.
Мұрат Бақтиярұлы, Қалқазбек Әжібекұлы, Сейітқали Алшынбаев сынды азаматтардың есімдері осы алғашқы жеке мектептер санатымен қатар аталады. Бір нәрсені естен шығармау керек, жеке мектеп – баюдың жолы емес, ол болашақ білімді ұрпақтар қатарын толықтыруға сеп болудың жолы дейді белгілі құрылтайшы Сейітқали Алшынбаев
Ендігі кезекте Сабалақ елді мекеніндегі №297 орта мектептен де аз-кем уақыт ішінде білімімен алға озып, еліміздің мерейін өсіретін өнегелі жастар қатары шығады деген сенім зор.