#qyzylordatv

«Аманат» партиясы жанындағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Ашық диалог алаңында кәсіпкерлік саласындағы проблемалық мәселелер талқыланып, оны шешу жолдары қарастырылды.

 Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Қазақстанның инвестициялық әлеуетін арттырып, өңдеу өнеркәсібі мен кәсіпкерлікті дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта «AMANAT» партиясының жанынан кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі республикалық және өңірлік үйлестіру кеңестері құрылды. Кеңестің басты мақсаты – кәсіпкерлікті дамытып, оларға қолайлы бизнес орта қалыптастыру және әкімшілік кедергілерді азайтып, жан жақты қолдау көрсету. Жиында облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ал, кәсіп иелері жауапты мамандарға өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ашық пікір алмасты. Мәселен, шиелілік кәсіпкер Гүлзия Мұратбекқызы кондитерлік және нан өнімдеріне халал сертификатын қалай аламыз деген сұрақ қойса, бірқатар бизнес өкілдері жер телімін алу, инфрақұрылым жүргізу, жобаларды қаржыландыру бойынша мамандардың кеңесін алды.