#qyzylordatv

Жылжабар сәттегі толымды тірлік. Жаңақорған ауданының Екпінді елді мекенінде су жаңа клуб пайдалануға берілді. 100 орындық мәдениет ошағында ауылдағы жас таланттардың талабын ұштап, үлкен сахнаға қадам басулары үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа нысанның ашылу салтанатына аймақ басшысы арнайы барып, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

Екпінді аядай ауыл. Мұнда 170-ке жуық отбасы тұрады. Елді мекен өз алдына отау тіккелі мұнда мәдениет ошағы мүлдем болмапты. Ал, көпшілік шаралар мектептің акті залында ұйымдастырылған екен. Енді жұртшылық қолда барды ұқсатып әуреге түспейді. Заман талабына сай еңселі ғимарат есігін айқара ашты.

Мәдениет ошағының ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, парламент сенатының депутаттары мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысты. Аймақ басшысы жиналған қауымды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, өңірдегі өнімді бастамаларға тоқталды.

 150 орындық клуб келісті-ақ. Мұнда жеткіншектер талабын ұштауға жан-жақты жағдай жасалған. Өрендерді өнерге баулу үшін су жаңа музыкалық аспаптар әкелініпті. Қазыналы қарттардың да талабы ескерілген. Бір сөзбен, аға буын мен ауыл жастарының басын қосатын құтты орынға айналатын түрі бар.

Жалпы соңғы 3 жылда өңірде 20-дан астам мәдениет ошағы пайдалануға берілді. Барлық нысан бір үлгіде салынған. Ендігі міндет: талантты өрендерді тамыршыдай танып, тезірек топқа қосу. Жиында аталмыш нысанды салуға атсалысқан құрылысшылар мен ауыл ақсақалдары аймақ басшысының алғыс хатымен марапатталып, еңбек озаттарына құрмет көрсетілді.

 Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Өңірдегі өнімді шаруалардың қисынды қағидасы осы. Мәдениет ошағының ашылу рәсімінде облыс әкімі осы ойды алға салып, ағынан жарылды. Шыны керек, аймақта әлеуметтік нысандардың көбі үнемделген қаржы көздері арқылы салынып отыр. Бірақ әлі де қазынаны қармап қалсам, деген қомағайлық басым. Десе де ендә ондайларға жол жоқ. Облыс әкімінің түйіп айтқаны осы.