#qyzylordatv
Ұлы отан соғысы жылдары майдан даласында қаза тапқан қызылордалық жауынгердің мүрдесі туған жерге жеткізіліп, қайта жерленді. Майдангер Байбол Рахметовтің сүйегі Ресейдің Псков облысы аумағында «Обелиск» іздестіру шарасы кезінде табылған.
Митинге жиналғандар Тағзым алаңына гүл шоғын қойып, Жеңіс үшін жанын пида еткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ұлы отан соғысына Сыр өңірінен 150 мыңнан астам сарбаз аттанса, олардың жартысына жуығы елге оралмады. Отан үшін оққа ұшып, жат жерде жан тапсырды. Олардың арасында Байбол Рахметов те бар. 1917 жылы Сырдария ауданында дүниеге келген ол ашаршылық заманда отбасымен бірге көршілес Өзбекстанға қоныс аударады. 1939 жылы Кеңес фин соғысына қатысып, елге аман есен оралыпты. Ал, 1942 жылы 25 жасында Екінші дүниежүзілік соғысқа барып, Ленинград, Псков қалаларын фашистерден азат етуге қатысады. 1101-ші атқыштар дивизиясы, 356-шы атқыштар полкінде оқтаушы атқыш болып қызмет еткен Байбол Рахметов кескілескен шайқастардың бірінде оққа ұшып, ерлікпен қаза тапқан.
ДІЛМҰХАМЕД АБИЗОВ, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ \1943 жылғы шайқаста зеңбірік топтың барлық жауынгері істен шыққан кезде жалғыз өзі оқ атуды тоқтатпай жаудың алға жылжуын тежеді. Бұл деген отанға деген адалдығы, батырлықтың нағыз үлгісі деуге болады. ..\
Жау оғынан тайсалмаған Байбол батыр «Ерлігі үшін» медалі және «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталған. «Обелиск» іздестіру шарасы кезінде сарбаздың мүрдесінің жанынан орден, медальдармен қатар жеке тұтынған заттары ұстарасы, қаламсабы, әскери пышағы және зеңбірек оғы табылған.
ХАСЕН РАҚМЕТОВ, СОҒЫС АРДАГЕРІНІҢ ТУЫСЫ \2010 жылы іздеу салғанбыз. Әпшеміз Рахметова Фатима бірінші сайттан тапты. 2016 жылы жиеніміз басына барып, көріп қайтты. Содан кейін 2024 жылы мен басына барып қайттым. Май айында бізге хабар келді сізді ағаңыз Псков облысында шықты деген. Содан бесінші декабрьде бізге берді мүрдені. Орден, медальдің нөмерінен дәледенген...\
Еске алу шарасына жиналғандар жауынгердің рухына тағзым етіп, Байбол Рахметовтің мүрдесін жер қойнына тапсырды.