#qyzylordatv
Қазалы ауданындағы «Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығы отыз жылдан бері қаншама жанға үміт сыйлап келеді. Бұл орталыққа өңірдегі іргелі мұнай компанияларының бірі «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келеді. Жаңа жыл қарсаңында компания тарапынан бүлдіршіндерге ерекше сый жасалды.
Мерекелік шарада мекеме қызметкерлері тебіреністі көрініс қойып, жиналғандарды ерекше әсерге бөледі. Концерттік бағдарламаға бүлдіршіндер де барынша дайындалыпты. Әуелетіп ән салып, мың бұрала билеп, шаттанды.
«Шапағат» орталығы жылылықтың құтты ұясы іспетті. Мұнда бүгінге дейін 300-ге жуық жеткіншекке түрлі медициналық-психологиялық және әдістемелік көмек көрсетілген. Әрине бұл еселі еңбек пен жүйелі қолдаудың нәтижесі. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамы 2001 жылдан бері аталмыш орталыққа тұрақты түрде демеушілік көрсетіп келеді. Биыл да ізгі дәстүр жалғасын тауып, жаңа жыл қарсаңында балаларға түрлі сыйлықтар табысталды. Жалпы орталықтағы әр мерекелік шараға мұнай компаниясы осылайша сый-сияпатымен келеді.
ШЫНАР ЖЕҢСІКБАЕВА – «ШАПАҒАТ» МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫ САУЫҚТАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Біз 2001 жылдан бастап «Петро Қазақстан» компаниясының тікелей қаржыландыруымен жұмыс жасап жатырмыз. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде де тұрақты түрде жұмыс жасап келеміз. Аталмыш компания балалардың тамағына, ғимаратты ұстап тұруға, қызметкерлердің айлығына және басқа да шығындарға тұрақты түрде қаржы бөліп келеді.//
Бүгінде бұл орталықта балаларды диагноздарына қарай бірнеше топқа бөліп, сауықтыру шаралары жүргізілуде. 2002 жылдан бері тілашар тобынан 71 бүлдіршін республика көлеміндегі арнаулы және арнайы мектептерге жіберілген.
ШЫНАР ЖЕҢСІКБАЕВА – «ШАПАҒАТ» МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫ САУЫҚТАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Қазіргі таңда бұл балалар колледж пен университеттерді бітіріп, түрлі салаларда жұмыстарын жалғастыруда. Біздің орталық 1995 жылы БҰҰ аясында құрылған болатын. Қазір орталықта екі топ тұрақты түрде жұмыс жасап жатыр. Соның бірі – «Үміт» тобы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған топ. Екіншісі «Тілашар» тобы – неврологиялық ауытқуы бар балаларға арналған топ. Біздің орталықта логопед, психолог, дефектолог мамандар жұмыс жасайды және массаж кабинеті, сондай-ақ еңбек және басқа да терапия түрлері тұрақты түрде жүріп тұрады. Біздің құрылғанымызға 30 жыл болды. Осы уақыт аралығында біз мемлекетпен, бизнес құрылымдармен және халықаралық қорлармен бірлесе отырып 60-тан аса әлеуметтік жобаны жүзеге асырдық. Нәтижелі жобаның арқасында біз республика және халықаралық деңгейде 17 номинацияның иегері атандық. Соның ішінде екеуі мемлекеттік сыйақының лауреаты атандық.//
«Шапағат» мүгедек балаларды сауықтандыру орталығында жұмыс істейтін мамандардың барлығы тәжірибелі. Сондай-ақ, сенсорлық адаптацияға байланысты барлық кабинет заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған.
ШЫНАР ЖЕҢСІКБАЕВА – «ШАПАҒАТ» МҮГЕДЕК БАЛАЛАРДЫ САУЫҚТАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ //2025 жылдың тамыз айында аудан әкімінің тікелей араласуымен бізге жаңа ғимарат берген болатын. Осы ғимаратқа біз толықтай орналасып қазр 20-ға жуық баланы қабылдап жатырмыз. Алдағы уақытта үкіметтік емес ұйымдарға арналған сайыстарға қатысу арқылы әлеуметтік жобаларды іске асыру жоспарда бар.//
Еліміз тәуелсіздік алып, егемен ел атанған тұста іргесі қаланған «Шапағат» оңалту орталығы балаларды сауықтырумен қатар, оларға білім беріп, келешегіне сеніммен қарайтындай етіп тәрбиелеп келе жатыр.